42 млн америкалық көмексіз қалуы мүмкін
АҚШ-та халық пен федералды билік арасында жағдай ушығып барады. Өйткені миллиондаған америкалық жәрдемақыдан қағылайын деп тұр. Ал күні мемлекетке қарап отырған немесе тапқан-таянғаны тамағынан артылмайтын отбасылар осы күніне зар болып қалуы мүмкін.
Трамп әкімшілігі шатдаун аяқталар тұста азық-түлік бойынша жәрдемақы беруді тоқтатуға пәрмен берді. Бұған штат басшылары мен демократтар қарсы. Ендігі жағдай қалай болмақ?
АҚШ-та азық-түлік көмегі бағдарламасы төңірегіндегі дау үдеп барады. Дональд Трамп әкімшілігі штаттарға қараша айында мұқтаж жандарға жәрдемақыларды толық тоқтатуды бұйырды. Егер қаржыландыру мүлдем доғарылса 42 миллион америкалыққа әсер етуі мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі штаттарға жолдаған хатында азық-түлік бойынша жәрдемақыны рұқсат етілмеген төлем деп атап, талап орындалмаса, айыппұл салынатынын ескертті. Бұл шешім АҚШ Жоғарғы соты төменгі соттың бағдарламаны қаржыландыру туралы шешімін уақытша тоқтатқаннан кейін қабылданды. Ал бұған дейін судьялар Трамп әкімшілігіне резервтік қордан қаражат бөліп, қараша айындағы төлемдерді толық қамтамасыз етуді міндеттеген еді. Демократтар да Ақ үйдің шешімін қатты сынға алып, Президенттің талабын орындаудан бас тартты.
Тони Эверс, Висконсин штатының губернаторы:
- Біз заң аясында әрекет еттік. 700 мың тұрғын, оның ішінде 270 мың бала азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Біз бұл көмекті қайтарып алудан бас тартамыз. Өйткені бейберекет әрі қасақана жасалып отырған жағдай. Әкімшілік мәселені тек ушықтырып отыр.
Азық-түлік бойынша жәрдемақы бағдарламасының болашағы енді Жоғарғы сот пен саяси келісім нәтижесіне байланысты болмақ. Бұл мәселеге пікір білдіргендер қатарында Нью-Йорктің жаңадан сайланған мэрі Зохран Мамдани бар. Алғашқы ресми баспасөз жиынында ол Трамптың шешімін заңсыз деп атап өтті. Барлық штат билігі Трамп әкімшілігінің талабына қарсылық білдіріп, сотта өз ұстанымдарын қорғайтынын жеткізді.
Зохран Мамдани, Нью-Йорк мэрі:
- Президент Трамп сайлау науқанында азық-түлік бағасын арзандатуға уәде берген еді. Алайда Нью-Йорктағы екі миллион тұрғынға арналған жәрдемақыны қысқартып азық-түлікке қолжетімділікті одан әрі қиындатты. Республикашыларды алаңдатып отырған мәселе осы бағдарлама. Бұл дағдарысты шешу үшін нақты әрекет қажет.
Мұқтаж жандарды азық-түлікпен қолдауды тоқтату қоғам пікірін екіге бөлді. Республикашылар қаржылық шығынды қысқартуды ұсынса, демократтар әлеуметтік бағдарламаларды қорғауға дайын екендерін айтады. Дегенмен сарапшылар қос тараптың мәмілеге келу ықтималдығы жоғары деп отыр. Алайда мәселенің шешімі әлі табылмай, көп балалы және табысы төмен отбасылар көп зардап шегуде.
Джастин Синглтон, ерікті:
- Еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж жандар үшін ерікті болып жүрмін. Онсыз да үлкен отбасын асырап отырғандар енді тағы шығындалуға мәжбүр. Азық-түлікпен қолдауды шектеудің салдары ауыр болады.
Трамптың бұл шешімі елдегі әлеуметтік саясаттың тұрақтылығын шайқалтып, миллиондаған жанға қиын соғайын деп тұр. Бағдарламаның болашағы да әзірге белгісіз. «Федералды билік пен штаттар арасындағы дау оң шешімін таппаса, мұның аяғы ірі дағдарысқа әкелуі мүмкін», - дейді сарапшылар.
Авторы: Нұрбике Жігер