Тегеран екі аптада сусыз қалуы мүмкін
Тегеранда енді екі аптаға ғана жетерлік су қалды. Иран астанасында жан-жануар тұрмақ, адамдар тіршілік нәрінен тарығып отыр. Өйткені көктен тамшы тамбай тұр. Жауын мөлшері тым аз. Бұл кейінгі 100 жылда болмаған жағдай. Қазір тоғандар мен жерасты қоймалары құрғап қалған. Жағдайдың ушыққаны сонша, билік өкілдері бас қаланы көшіруге бекінген.
Бүгінде Тегеран қаласында құтыларын ұстап, тіршілік нәрін іздеп сенделген жұрттың қарасы қалың. Елде кейінгі жылдары қуаңшылық күшейген. Жауын-шашынның азаюынан өзен-көлдер тартылып, қоймалардағы су күрт төмендеген. Салдарынан халықтың күнделікті тіршілігі айтарлықтай қиындады.
Тегеранды ауызсумен қамтамасыз етіп отырған басты қойма Амир Кабир бөгетінде осыдан бір жыл бұрын 86 млн текше метр су болатын. Ал қазір онда небәрі 14 миллион текше метр су қалған. Бұл қаланы небәрі 2 апта сумен қамтамасыз етуге жетеді. Ал шаһар тұрғындары тәулігіне шамамен 3 млн текше метр су қолданады. Демек көп ұзамай 10 миллионға жуық халқы бар мегаполис тіршілік нәрінен біржола қол үзуі мүмкін. Өзге де бөгеттердегі мәселе осы.
Мохаммад Әли Моаллем, Карадж бөгетінің басқарушысы:
- Биыл жауын-шашын өте аз болды. Осының салдарынан шаһардың басты су қоймасы 8% ғана толды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 92% төмен.
Осы себепті жергілікті билік өкілдері суды үнемдеу шараларын шұғыл қолға ала бастады. Тегеранда тұрғындарға ауызсу беру шектелді. Шара су ресурстарын қысқа мерзімге болса да, үнемдеуге мүмкіндік береді. Бірақ мәселені түбегейлі шеше алмайтыны анық.
Аббас Алиабади, Иран энергетика министрі:
- Түнгі уақытта су қысымын нөлге дейін төмендетуге тура келеді. Бұл ысырапшылдықтың алдын алуға көмектеседі. Алайда тұрғындарға қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан адамдарды суды барынша үнемдеуге шақырамыз.
Кабул Тегеранның кебін киюі мүмкін
Құрғақшылық пен су тапшылығы Иранға көршілес жатқан Ауғанстанға да таңсық емес. Ел астанасы Кабулдағы бұқараның күні су шығаратын бағаналарды торуылдаумен өтеді. Құтыларын толтырса, төбелері көкке жеткендей қуанады. Afghanistan Analysts Network деректеріне сүйенсек, Кабулдың жерасты сулары 2030 жылға қарай таусылуы мүмкін. Мұндай қауіп Кабул тұрғындары ғана емес, өзге қалалардың халқына да төніп тұр. Мәселеден құтылу үшін Ауғанстан астанасын көшіру жайлы әңгіме ел ішінде біраз уақыттан бері айтылып жүр. Бірақ әлі қолға алынбады.
Спере, Кабул тұрғыны:
- Қолда бар аз ғана суды соңғы тамшысына дейін пайдалануға тырысамыз. Бір бөшке суға үш баламды шомылдырамын. Оның өзі сирек. Таза су тапшылығы денсаулығымызға да әсер етіп жатыр. Асқазан аурулары мен түрлі инфекциялар жиіледі.
Наджибулла Садид, су ресурстары, экология және климаттың өзгеруі саласының сарапшысы:
- Бұған дейін Кабул өзені жылдың аз ғана бөлігінде құрғап тұратын. Қазір 6-8 айға дейін кеуіп қалады. Су ағыны қысқарып, қауіпті деңгейге жетті. Бүгінде Кабул – Ауғанстанда су тапшылығынан ең көп зиян шегіп отырған аумақ.
Ал Иран билігі Тегарандағы су тапшылығы мәселесін шешу үшін белді бекем буып отыр. Мемлекет басшысы Масуд Пезешкиан: «Қараша айының соңына дейін жауын жаумаса, шаһар халқын көшіруге тура келеді», – дейді. Бұл пікірі қоғам арасында қызу талқыға түсті. Көпшілік бастаманы іске асыруға күмәнмен қарайды. Ал метеорологтар: «Алдағы 10 күнде Иранда жауын-шашын болмайды», – деп болжап отыр. Ел тұрғындарының әзірге әліптің артын бағудан басқа амалы жоқ.