АҚШ пен Бразилия арасындағы бәсеке кофе бағасын шарықтатты

Әлемде кофе қымбаттап жатыр. Өйткені биржада өнім қоры азайды. Тіпті арабика сұрпы бір айда 30% бір-ақ кеміген. Жаһандағы кофе нарығына АҚШ пен Бразилия арасындағы бәсеке себеп. АҚШ – әлемдегі ең ірі кофе импорттаушы ел. Ал Бразилия өнім экспорты бойынша алда тұр. Екеуі де бір-біріне тәуелді.

Тіпті АҚШ-та жұрт жаппай кофе ішетіндіктен, бұл сусынның қымбаттауы инфляция іспеті. Сөйте тұра, биыл Дональд Трамп Бразилиядан келетін тауарға 50% баж салығын енгізген еді. Енді райынан қайтып, бұл ойынан бас тартатынын жеткізді. Өйткені елде небәрі екі айдың ішінде кофе 20% қымбаттаған.

Мөлдір Жақан, тілші:

- Бүгінде кофесіз өмірді елестету қиын. Ұйқыдан ояна сала аңсайтынымыз – кофе. Жұмыста, кездесулерде болсын, қолымдағы осы бір құдіретті сусын – күнделікті тіршілігіміздің ажырамас бөлігі. Тіпті қажеттіліктен гөрі дәстүрге айналды десек болады. 

Анна Посси 100 жаста. Италияның Неббьюно қалашығындағы шағын дәмханада 65 жылдан бері кофе әзірлейді. Ғасыр жасаған кейуана оң-солын танығалы бері осы іспен айналысып келеді. Дәмханасының жалғыз қызметкері – өзі. Өйткені өзгелерді жұмысқа қабылдау тиімсіз. Бірақ «кофе дайындау табыс көзінен гөрі қуанышты сәттерді көбірек әкеледі», – дейді ол.

Анна Посси, дәмхана иесі:

- Бұл жерге келушілер бір отбасындай болып кетті. Олар өздерін мұнда үйдегідей сезінгенін қалаймын. Осында бас қосып, мәре-сәре боламыз. Кейбір клиенттерім көз алдымда өсті. Өткенді еске алып, кофе ішу барысында әңгіме-дүкен құрғанды жақсы көреміз. Өзімді осындай сәттерде бақытты сезінемін.

Ал WorldAtlas деректеріне сүйенсек, әлемде 1 млрд-тан астам адам күн сайын кофе ішеді. Бұл жер бетіндегі халықтың шамамен 12,6%-і. Кофені ең көп тұтынатын АҚШ тұрғындары жылына 146 млрд стақан кофе ішеді екен. Алайда кейінгі айларда елдегі кофесүйер қауымның жағдайы біраз қиындаған. Өйткені Трамп енгізген 50% баж салығынан кейін оның бағасының жылдық индексі шамамен 19% қымбаттады. Тауарлар тізімінде кофеден бөлек ет, қант, жеміс-жидек те бар. 

Чак Шумер, АҚШ Конгресі Сенатының депутаты:

- Трамптың сауда соғысы экономикаға көп өзгеріс әкеліп, астан-кестенін шығарды. Кіші бизнесті әлсіретіп, халықтың қалтасын қақты. Зерттеулер көрсеткендей, Трамп енгізген салық шығындарының 90%-і қарапайым отбасылардың мойнына ілінген.

Кофені өзі өндірмеген соң АҚШ оны импорттау бойынша әлемде көш бастап тұр. Басым бөлігін Бразилиядан алады. Салық енгізілгені сол-ақ еді, Бразилияның АҚШ-қа шығаратын кофе экспорты 46% төмендеді. Дәмхана иелері шығынға батып, «кәсібіміз құрдымға кетті», – деп дабыл қағып жатыр.

Джон Киннард, дәмхана иесі:

- Бразилиялық кофеден бас тарта алмаймыз. Өйткені нарықта сапалы, арзан, қолжетімді кофені табу қиын. Бағаны көтеруден басқа амал жоқ. Түптеп келгенде тұтынушы зардап шегеді.

Бразилия да қарап отырған жоқ. Өзге мемлекеттерге экспортты арттыруға кірісті. Колумбия, Италия, Ұлыбританиямен арадағы сауда көлемі ұлғайған. «Алайда бұл елдер АҚШ-тың орнын алмастыра алмайды», – дейді экспорттық компания өкілдері.

Марсио Феррейра, бразилиялық экспорттық компанияның басшысы:

- АҚШ нарығы тым үлкен. Оны өзге мемлекеттермен салыстыруға келмейді. Тарифтер тым ұзаққа созылса, экспорт одан әрі төмендеп, бразилиялық компаниялар тығырыққа тіреледі. Сондықтан мемлекет басшылары келіссөздерді бастайтын уақыт келді деп ойлаймын.

АҚШ-та кофе жалпы инфляцияның бір құрамы саналады. Демек оның күрт қымбаттауы инфляцияның жоғарылауына да әсер етеді. Әйтсе де Трамп: «Алаңдауға негіз жоқ», – деп сендіріп отыр. Сөзінше, Бразилиядан келетін осы өнім мен өзге де тауарларға баж салығы жақын арада төмендейді. Ал әлемде баға қанша құбылғанмен, кофеге құмар жандардың саны көбеймесе, азаяр емес.