Әлем елдерінде еңбек заңнамасы қандай?
Жаһандық ахуал жұмысшы құқықтары мен оның әлеуметтік қорғанысын бұрынғыдан да әлсіретіп тұр. Осылай деп мәлімдеген Халықаралық еңбек ұйымы еңбек заңнамасын жаңартуды ұсынып отыр. Әлемдегі еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс қандай?
Жаһандық ахуал жұмысшы құқықтары мен оның әлеуметтік қорғанысын бұрынғыдан да әлсіретіп тұр. Осылай деп мәлімдеген Халықаралық еңбек ұйымы еңбек заңнамасын жаңартуды ұсынып отыр. Әлемдегі еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс қандай?
БҰҰ-ның бағалауынша, әлемнің 71 елінде 84 миллионнан астам жұмыс орны АҚШ-тағы тұтынушылық сұранысқа тәуелді. Сондықтан АҚШ-тағы сауда шиеленістері күшейген сайын жұмыс орындары да қысқаруы мүмкін. Мұндай жұмыс орындарының көбі, дәлірек айтқанда 56 млн орын Азия–Тынық мұхиты аймағында орналасқан. Ал Канада мен Мексикадағы жұмыс орындарының 17 пайызы АҚШ-тағы ахуалға тікелей тәуелді, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Осыған байланысты жұмысшыларды әлеуметтік қорғау тетіктері әлсіреп, нарықтағы тұрақсыздыққа бейімделу қиындауда. Жалақы үлесінің азаюы – заңнаманың әлсіздігін көрсететін ең бірінші белгі. Сарапшылар жалпы табыстың жұмысшыларға тиесілі бөлігінің қысқарып жатқанын айтады. 2014 жылы жұмыскерлерге бөлінетін ЖІӨ үлесі 53% болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 52,4%-ға дейін төмендеген. Ең үлкен құлдырау Африкада, Солтүстік және Оңтүстік Америкада тіркелген.
Сала сарапшылары жоғары білікті мамандарға сұраныстың артқанын айтады және бұл тұста әйелдер көшбасшылық көрсетіп отыр. 2013–2023 жылдар аралығында жоғары санаттағы лауазымдарда қызмет ететін әйелдердің үлесі 21,2%-дан 23,2%-ға өскен. Әлеуметтанушылар: «Бұл гендерлік теңсіздікке әкелуі мүмкін», - дейді. Десе де әйелдердің үлесі құрылыс, инженерия сияқты салаларда аз. Ал кеңсе жұмысы мен күтім саласында керісінше шамадан тыс көп. Бұл көрсеткіш әлем елдеріндегі гендерлік еңбек заңнамасының толық жүзеге аспай жатқанын көрсетеді.
Еңбек нарықтарына ықпал ететін тағы бір мәселе - жасанды интеллекттің жылдам дамуы. Болжам бойынша әлемдегі әр төртінші қызметкердің жұмысының болашағы белгісіз. Көп елдің еңбек кодекстері жасанды интеллектінің әсерін ескеруге әлі дайын емес. Қайта даярлау, цифрлық құқықтар және жаңа қауіпсіздік талаптарын заң деңгейіне жеткізу қажеттілігі артып келеді. БҰҰ еңбек заңнамасын реформаламай, нарық әлсірей береді, сондықтан сарапшылар жаңа технологияларға бейімделген құқықтық жүйе құру керек деп ескертуде.