Испания зейнетақы жүйесін реформалайды
Еуропалық комиссия Испаниядан зейнетақы жүйесін реформалауды талап етіп жатыр. Комиссияның бағалауынша, елде автоматты тіркеу әлі іске қосылмаған және жеке зейнетақы активтері тым төмен. Бұл болашақта зейнетақы дағдарысына әкелуі мүмкін. Сондықтан Еурокомиссия Мадридтен жеке жинақ жүйесін күшейтіп, азаматтарды өз қаражаттарын зейнетақы қорларына салуға ынталандыратын шараларды тезірек жүзеге асыруды сұрайды.
Барселона тұрғыны, 70 жастағы Виктория Модаррессидің жеке жинақ қоры жоқ, сондықтан ол толығымен мемлекеттік зейнетақыға тәуелді. Мұндай жағдай Испанияда жиі кездеседі. Елде шамамен 9,3 миллион адам зейнетақы алады, бірақ олардың тек шамамен 15% жеке зейнетақы қорын жинап үлгерген, яғни зейнеткерлердің басым бөлігі тек мемлекеттік жүйеге сеніп отыр. Сол себепті де биыл әлеуметтік сақтандыру жүйесі рекордтық көрсеткішке жетті: 10,37 миллион зейнетақы төлемі жасалды. Мұндай төлем кейінгі бес жылда болмаған. Оның үстіне мемлекетке түсетін қаржылық жүктемені арттырып отыр.
Хуан Сепульведа, зейнеткерлер және зейнетақы федерациясының бас хатшысы:
- Брюссельдегі Еуропалық комиссия Испанияны сынап, Мадридтен жеке жинақты күшейтетін және азаматтарды өз қаражаттарын жеке жинақ қорларына салуға ынталандыратын шараларды жедел енгізуді талап етіп отыр, өйткені Испания – Еуропада бұл саланы әлі толық реттемеген елдердің бірі.
Еуропалық комиссияның Испанияға қойған тағы бір талабы – жұмыскерлерді автоматты түрде жеке зейнетақы жоспарына қосатын жүйе енгізу. Қазір Испанияда мұндай тетік бар болғанымен, ол толық автоматты режимде жұмыс істемейді. 2026 жылдан бастап Испания зейнетақы есептеу тәртібін өзгертпек. Жаңа модель бойынша еңбек өтілінде үзілістері бар немесе жұмыс орнын жиі ауыстыратын азаматтардың жағдайын жақсарту үшін «ең тиімді айлар» есепке алынады. Яғни зейнетақы мөлшері адамның бүкіл еңбек жолындағы жалақысына емес, табысы жоғары әрі ең қолайлы кезеңдеріне сүйене отырып есептеледі.
Виктория Модарресси, зейнеткер:
- Меніңше, үкімет зейнетақы есептеу тәртібін жаңартқаны дұрыс. Өмір бойы бір орында тұрақты жұмыс істей алмаған адамдар көп қой. Солар үшін ең тиімді айларды есепке алу әдісі әділеттірек сияқты.
Испанияда жұмысшылардың тек шамамен 10%-і жұмыс беруші арқылы зейнетақы жүйесіне қатысады, бұл халықтың жеке жинақтарға сенімінің төмен екенін көрсетеді. Қоғамда «жинақ салуды ынталандыратын тетіктер аз, салықтық жеңілдіктер шектеулі» деген пікір кең тараған, ал көп азамат қаражатын банк депозиті немесе жылжымайтын мүлікке салуды жөн көреді, бұл елдегі дәстүрлі инвестициялық бағытты айқындайды. Мұндай ахуал жеке жинақ жүйесін дамытуды тек экономикалық емес, қоғамдық сенім тұрғысынан да күрделі мәселе етеді. Сондықтан Еуропалық комиссия Мадридтен жеке жинақтарды нығайтуға бағытталған реформаларды жедел енгізуді талап етіп отыр.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач