Әлемде ІТ мамандарына сұраныс артады

Бүкіләлемдік экономикалық форумның соңғы есебі бойынша Big Data бағыты ең жылдам өсіп келе жатқан мамандықтардың көшін бастап тұр.

Әлем бойынша мыңнан аса компанияның арасында жүргізілген сауалнама бойынша 2030 жылға қарай ІТ- мамандарының саны екі еседен асады. Мысалы, жасанды интеллект пен машиналық оқыту саласындағы мамандарға сұраныс 83%-ға артады. Алайда автоматтандырудың әсерінен 82 млн адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Әлемдегі білікті IT мамандардың басым көпшілігі АҚШ-та. Қазір елде жасанды интеллект, машиналық оқыту, киберқауіпсіздік және деректер жүйесі бойынша мамандарға сұраныс ең жоғары деңгейде. Орташа жалақы жылына 140 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Қызметкерлердің бір бөлігі технологиялық хабтарда шоғырланса, екінші бөлігі үйден жұмыс істеуді жөн көреді. Бірақ нарықтағы жоғары бәсеке өсімді айтарлықтай баяулатқан. Салдарынан саладағы жұмыссыздық деңгейі 6%-ға көтерілген. Wall Street Journal басылымының сарапшылары АҚШ-тағы ІТ нарығы енді сапаға көп көңіл бөледі деп болжайды. Бұл елдегі автоматтандыруды күшейтіп, мамандардың тұрақты дамуына жол ашпақ.

Ал Еуропада сала құлдырап жатыр. Кейінгі 5 жылда аймақтағы сұраныс 30–40%-ға қысқарған. Әсіресе Швейцария, Ұлыбритания және Францияда. Соған қарамастан data-талдау, қауіпсіздік және Жасанды интеллект белсенді дамып жатқан елдерде сирек мамандық иелеріне сұраныс сақталады. Шығыс және Оңтүстік Еуропа мамандарына тапсырыс көбіне сырт елдерден келеді.

Қытай жасанды интеллект пен жоғары технологиялар саласында өз позициясын нығайтып келеді. Елдің Цифрлық даму министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, Қытайда бүгінде 5300-ден астам ЖИ компаниясы жұмыс істейді. Сала көлемі 126 млрд доллардан асты, ал жылдық өсім 18–20% шамасында. Сарапшылардың пайымынша, 2030 жылға қарай Қытай жаһандық Жасанды интеллект нарығының шамамен 30 пайызын иеленуі мүмкін. Қазір жасанды интеллект инженерлері, Big Data, автоматтандыру және киберқауіпсіздік мамандарына сұраныс көп. Елдегі технологиялық орталықтарда мұндай инженерлер айына 25–40 мың юань, яғни 3,5–5,5 мың доллар көлемінде табыс табады. Озық технологияларды енгізу, автоматтандыру және бизнес-модельдерді жаңарту IT мамандарына деген сұранысты арттырып отыр.

Солтүстік Корея да кейінгі уақытта әлемнің ең білікті IT мамандарының отаны ретінде танылды. Елдің IT саласы жайлы ақпарат ашық көрсетілмегенімен, АҚШ Әділет департаменті 2025 жылғы зерттеуінде жергілікті IT мамандары жалған құжаттар арқылы 100-ден астам америкалық компанияда қашықтан жұмыс істегені жайлы хабарлады. Олардың табыс көлемі кей жағдайларда жылына 250–300 мың долларға дейін жеткен. Алайда бұл қаржы мамандардың жеке пайдасына емес, ел бюджетіне түседі. БҰҰ-ның өкілдері бұл қызмет түрі елге жыл сайын 300 миллион долларға дейін кіріс әкеледі деп болжайды. Бірақ сарапшылар бұл технологиялық дамудың көрсеткіші емес, қауіп төндіретін көлеңкелі нарық деп алаңдаушылығын білдіреді. 

Авторы: Әйгерім Ардаққызы