Қазақстан БҰҰ жәрмеңкесіне қатысты

Женевада мыңдаған азамат қиын жағдайға тап болған балаларға қолдау көрсетуге мүмкіндік алды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде дәстүрлі қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. 1976 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шараға биыл Қазақстанды қоса алғанда 55-тен аса мемлекет қатысты. Осы күні дипломатиялық өкілдіктер БҰҰ штаб-пәтерінің қабырғасында ұлттық кәдесый, киім-кешек, тағамдарды көпшілік назарына ұсынады. «Жиналған қаражат пен лотереядан түскен табыс әлемнің түрлі аймақтарындағы көмекке мұқтаж балаларға бағытталады», - дейді ұйымдастырушылар.

Айкуна Танати, БҰҰ Әйелдер гильдиясының президенті:

- Бұл шынымен де қуанышқа толы күн. Себебі адамдар түрлі мәдениеттермен танысып қана қоймай, дүниежүзі бойынша балаларға көмек көрсетуге үлес қосады. Жиналған қаржының бір бөлігі сапалы сыйлықтар ойнатылатын БҰҰ лотереясынан түседі. Бұл жыл сайынғы бірлік пен татулық мерекесі.

Женеваны қалың тұман басқанына қарамастан жәрмеңке әдеттегідей халық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Оны мыңдаған турист пен жергілікті тұрғындар, соның ішінде дипломатиялық миссия қызметкерлері тамашалады. Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ұйымдастырған ұлттық стендте қазақстандық шоколад, ұлттық тағамдар, қолданбалы өнер бұйымдары мен кітаптар ұсынылды. Бұл шара игі іске үлес қосып қана қоймай, халықаралық қауымдастыққа Қазақстан мәдениетін паш етуге сеп болады.

Кристоф Спринг, ШОБ Кәсіпкерлікті қолдау компаниясының вице-президенті:

- Мен Швейцарияда сапалы шоколад жасауды үйрендім, сондықтан өзімді бұл салада белгілі бір деңгейде маманмын деп айта аламын. Салыстырып қарағанда, сіздердің сүт пен шоколадтарыңыз керемет. Мұндай жәрмеңкелердің тартымдылығы - елді, ұлттық асхананы жақынырақ тануға мүмкіндік береді.