Әлемде мұнай бағасы қымбаттады

Жаһан жұрты мұнай бағасындағы өзгерістерді кірпік қақпай бақылап отыр. Қара алтынның Brent маркасының құны Лондон биржасында 2%-ға қымбаттап, барреліне 61,12 долларға жетті.

Нарықтың нығаюына өткен аптада АҚШ-та мұнай қорының 3,83 млн баррелге қысқаруы, сондай-ақ Ресейден мұнай сатып алатын мемлекеттерге қарсы санкциялардың күшеюі себеп болған. 

Ал Дональд Трамп алдағы уақытта әлемдік мұнай бағасын барреліне 50 долларға дейін төмендетуге ниетті. Бұл оның жаңартылған энергетикалық стратегиясының негізгі мақсаттарының бірі. Америкалық көшбасшының жоспары қаншалықты жүзеге асуы мүмкін?

Мұнай бағасы қымбаттады       

Трамп әкімшілігі Венесуэланың мемлекеттік мұнай компаниясын бақылауға алуды қарастырып жатыр. Мақсат оның ірі мұнай қорларын экспортқа шығару. Осылайша, нарықта мұнай ұсынысы артып, сәйкесінше қара алтынның бағасы арзандайды. «Бұл АҚШ үшін тиімді», - дейді сарапшылар. Осы жоспардың бір бөлігі ретінде Венесуэланың уақытша билігі АҚШ-қа санкцияға ұшырап, танкерлерде сақтаулы тұрған 30-50 миллион баррель мұнай жеткізуге келісті. Құрама штаттар қара алтынды әлемдік нарықта саудалауды бастап кетті.

Қажыкелді Шамбыл, экономист:

- Америка үшін бағаны төмендету қандай мүмкіндік береді? Өйткені бензин, дизель бағасы төмендесе, онда Америка экономикасы инфляцияны төмендетеді. Инфляция төмен болса, Американың кредиттері төмен бағамен беріледі. Төмен бағамен берілсе, сәйкесінше, экономикалық өсімге қол жеткізеді. Шетелдегі өндірістің барлығы Америкаға келуге ынта білдіреді.

Венесуэла мұнай қоры бойынша әлемде бірінші орында болғанымен оны өндіру жағынан артта қалған ел. Мұнайдың негізінен екі түрі бар: ауыр және жеңіл мұнай. Жеңіл мұнайдан бензин, дизель өндірсе, ауыр мұнайдан пластик, реагенттер, фармацевтикалық өнімдер шығарылады. Ауыр мұнайды өндіру әлдеқайда қиын. Оның үстіне Венесуэладағы мұнай кен орындары үлкен инвестициялық капиталды қажет етеді. Ендігі кезекте бұл мақсатта компаниялар қыруар қаржы бөлуге дайын ба деген сұрақ туындайды. Инвесторлар Вашингтоннан заң және қаржылық кепілдіктерін талап етуде.

Роджер Макнайт, En-Pro компаниясының мұнай жөніндегі бас сарапшысы:

- Венесуэла өнеркәсібі қиын жағдайда. Мемлекет саяси дағдарысқа тап болды. Кез келген ірі компания миллиардтаған инвестиция құйған соң, оның ақталғанын қалайды. Бизнес тұрақтылықты жақсы көреді. Сондықтан Трамптың мақсаты жүзеге асатынына күмәнім бар.

Сарапшылар Венесуэланың мұнай-газ саласы толығымен қалпына келу үшін шамамен 4-5 жылдай уақыт кететінін айтады. Сондықтан әзірге бұл жағдай әлемдік отын құнына елеулі әсер ете қоймайды дейді. Алайда бағаның төмендеуіне әкелетін психологиялық факторларды жоққа шығармайды. 

ОПЕК+ ұйымының ықпалы төмендеуі мүмкін  

Дегенмен Трамп көздегенін іске асырып, бағаны төмендететін болса, қара алтынның экспортына тәуелді мемлекеттер зиян шегеді. АҚШ-тағы ұсыныстың ұлғаюы бәсекелестікті арттырып, Қытай, Ресей мен Үндістанның мұнай-газ химиясы саласының дамуына кедергі келтіреді. Бұл АҚШ үшін тағы да тиімді. Ал өзінің кен орындары жоқ Еуропа елдері болса бұл тұста ұтады. Өйткені шикізатты арзан бағада сатып алуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ сарапшылар: «Мұнай бағасы барреліне 50 долларға дейін арзандаса, ОПЕК+ ұйымының халықаралық аренадағы саяси ықпалы айтарлықтай төмендейді», - дейді. Айта кету керек, қаңтар айының басында өткен ұйымның кейінгі жиналысында альянс мүшелері мұнайды өндіру саясаты мен көлемін өзгеріссіз қалдырды.

Хорхе Леон, Rystad Energy геосаяси талдау бөлімінің жетекшісі:

- Қазір мұнай нарығы сұраныс пен ұсыныс сияқты негізгі факторлар ғана емес, саяси белгісіздікке көбірек негізделеді. Ал ОПЕК+ белсенді іс-әрекеттерден гөрі тұрақтылыққа мән береді.

Мұнай дағдарысының салдары   

Әлем елдері кейінгі ең ауқымды мұнай дағдарысымен 2014-2016 жылдары бетпе-бет келді. Ол кезде қара алтын бағасы шамамен төрт есе, барреліне 110 доллардан 30 долларға дейін арзандаған. Оған біріншіден, АҚШ-тағы тақтатас мұнай өндірісінің күрт артуы себеп болды. Ал Сауд Арабиясы мен ОПЕК құрамындағы өзге елдер өндіріс көлемін қысқартудан бас тартты. Сөйтіп нарықта мұнайдың артық қоры жиналды. Сұраныс пен ұсыныс арасындағы теңгерім бұзылды. Салдарынан мұнайға тәуелді елдер мен компаниялар үлкен шығынға ұшырады. Бюджет кірістері ЖІӨ-нің 10-15%-ына дейін қысқарды, энергетика саласындағы инвестициялар 40%-дан аса азайды. Ал мұнайды көп импорттайтын елдер Еуропа, Қытай, Жапония және Үндістанда инфляция баяулап, мұнайды көп тұтынатын салалар авиация, логистика, химия өнеркәсібі пайда көрді.

Трейдерлер мен сарапшылар биыл мұнай ұсынысы шамадан тыс жоғары деңгейде сақталатынын айтады. Morgan Stanley қаржы компаниясының болжамына сенсек, өндіріс көлемі бірінші жартыжылдықта тәулігіне 3 млн баррельге дейін жетуі мүмкін.