Қытай мен Жапония текетіресі басылмай тұр

Қытай мен Жапония арасындағы текетірес басылар емес.

Қытай күншығыс еліне қос мақсатты тауарларды экспорттауға тыйым салды. Бұл жөнінде көрші мемлекеттің коммерция министрлігінің баспасөз хатшысы Хэ Ядун мәлімдеді. Бұған жапон көшбасшысының Тайвань аймағына әскери араласу мүмкіндігін меңзейтін мәлімдемелері түрткі болған. Осыдан кейін Қытай билігі дереу шешім қабылдап, Жапонияның әскери әлеуетін нығайтуға пайдаланылуы мүмкін тауар түрлерін экспорттауға тыйым салды. Сондай-ақ технологиялар мен қызмет түрлері, әсіресе жаппай қырып жою қаруы мен оны жеткізу құралдарын жоБалау қызметтері қатаң қадағаланады.  

Хэ Ядун, Қытай коммерция министрлігінің баспасөз хатшысы:

- Жапон Премьер-министрінің Тайвань аймағына қатысты мәлімдемелері Қытайдың егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзады. Бұл Қытайдың ішкі істеріне ашық араласу болып табылады. Сондай-ақ біздің елге күш қолдану қаупін төндіреді. Аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтіреді. Біздің мақсат Жапонияның ядролық қаруды сатып алу әрекетін тоқтатуға бағытталған.