Алепподағы ахуал тұрақталды
Сирияның Алеппо қаласында атысты тоқтату және қала аумағынан әскерді шығару туралы келісімге қол жеткізілді.
"Сирия демократиялық күштері" коалициясының басшысы Мазлум Абди ''Х'' әлеуметтік желісінде осылай деп хабарлады. Халықаралық тараптардың араағайындығымен қаза болғандардың денелері, жараланғандар және Ашрафия мен Шейх Максуд аудандарынан шыға алмай қалған тұрғындар эвакуацияланады. Сондай-ақ әскерилер Сирияның солтүстік және шығыс аймақтарына жеткізіледі. Алеппо губернаторы Аззам әл-Гарибтің айтуынша, аталған аудандардағы жағдай жақсарып, біршама тұрақталған. Бұған дейін Сирия әскері Алеппо қаласының Ашрафия мен Шейх Максуд аумағында әскери операцияның аяқталғанын хабарлаған еді. Мұндағы қақтығыстар 6 қаңтардан бері жалғасып келген.