Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті өлім жазасына кесілуі мүмкін
Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёль өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бүгін арнайы прокурор соттан осындай жаза тағайындауды сұрады.
Бұрынғы мемлекет басшысы бүлік ұйымдастырды деп айыпталуда. 2024 жылдың 3 желтоқсанында Юн әскери жағдай жариялаған болатын, алайда бір тәулікке жетпей Оңтүстік Корея Ұлттық жиналысының депутаттары көпшілік дауыспен оның күшін жойды.
Осыдан соң Юн Сок Ёль президенттік қызметінен айырылды. Парламент оған импичмент жариялады. Содан бері шамамен бір жыл бойы экс-мемлекет басшысы қамауда отыр. Сот процесін Оңтүстік Кореядағы меншікті тілшіміз Владислав Цой бақылауда.
Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёльге қатысты төрт қылмыстық іс қозғалды. Ол сот төрелігіне кедергі келтіру, жалған ақпарат тарату және айғақтарды жою баптары бойынша айыпталып отыр. Алайда ең ауыр жаза бүлік ұйымдастырғаны үшін қарастырылған. Қылмыстық кодекске сәйкес, бұл қылмыс үшін өлім жазасы, өмір бойына бас бостандығынан айыру немесе өмір бойы түрме жазасы көзделген. Бүгін арнайы прокурор судьядан Юн Сок Ёльге өлім жазасын тағайындауды сұрады.
Бүгін Сеулдің Орталық аудандық соты ғимаратының маңында Юнды қолдаушылар да, қарсыластары да кезекшілік етті. Юнға қолдау көрсеткендер қатарында оппозициялық «Халық күші» партиясының өкілдері бар. Олардың айтуынша, сот заңсыз, себебі судьяларды Юн Сок Ёльдің қарсыласы – қазіргі президент Ли Джэ Мён тағайындаған. Ал сотталуы тиіс адам – қазіргі мемлекет басшысы дейді. Еске салайық, Ли Джэ Мён президент болмай тұрып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыпталған, алайда өткен жылдың маусымында өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін қылмыстық істерді қарау тоқтатылған.
Ким До Ён, Юн Сок Ёльдің жақтасы:
- Әскери жағдай енгізу – бұл мемлекетті басқарудың заңды актісі және Конституцияға сай келеді. Мун Джэ Иннің президенттігі кезінен бастап солшыл күштер сот жүйесіндегі барлық негізгі қызметтерді иеленіп алды. Соның арқасында олар сот процестерін Ли Джэ Мённің пайдасына өткізіп, істерді әдейі созып келеді, сондықтан ол әлі күнге дейін түрмеде отырған жоқ. Қазір солшылдар президент Юнды түрмеге қамау үшін жаңа айыптар ойлап тауып, оған қысым көрсетуді жалғастырып жатыр.
Юн Сок Ёльге қатысты сот процесі ұзаққа созылуының себебі – онымен бірге оның жақтастары да сотталып жатыр. Олардың арасында экс-қорғаныс министрі мен Ұлттық полиция агенттігінің бұрынғы комиссары бар. Ал экс-президенттің қарсыластары, негізінен биліктегі «Тобуро» партиясының өкілдері, мұндай үкімді қолдайды. Олар сондай-ақ Юнға әскери жағдай енгізуге көмектескендердің барлығы да жазалануы тиіс деп есептейді.
Ким Сак Чоль, Юн Сок Ёльдің қарсыласы:
- Юн Сок Ёль әскери жағдайды заңсыз енгізді және бұл бүліктің басшысы болып саналады. Оның сыбайластары қазір біртіндеп тарап кетіп жатыр, алайда біз Сок Ёльдің өзіне ең жоғарғы жаза тағайындалуын талап етеміз. Юн өлім жазасына кесілгенше және оны қолдаған әсіре оңшыл күштер жазаланғанша, біз осы жерде қала береміз.
Юн Сок Ёль – түрмеге түсуі мүмкін Оңтүстік Корея президенттерінің алғашқысы емес. Сыбайлас жемқорлық айыптары елдің барлық мемлекет басшыларына тағылған. 2018 жылы Ли Мён Бак 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған дейін, 2016 жылы Пак Кын Хе 24 жылға сотталды. 2008 жылы сол кездегі президент Но Му Хёнға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ол қызметінен кетіп, кейін өз-өзіне қол жұмсады. Сондай-ақ елдің тағы екі көшбасшысы – Ро Дэ У мен Чон Ду Хван – наразылықтарды күшпен басқаны үшін сотталған. Ро Дэ У 22 жылға бас бостандығынан айырылса, Чон Ду Хван өлім жазасына кесілген.
Айта кетейін, Корея Республикасында сотталған президенттердің ешқайсысы өлім жазасына кесілген жоқ. Олардың барлығы кейінірек рақымшылыққа ілініп, сот тағайындаған мерзімнің толық бөлігін түрмеде өтемеді. Юн Сок Ёль де өзіне шығарылған қатаң үкімге қарамастан, бірнеше жылдан кейін бостандыққа шығуы ықтимал. Юнға қатысты үкімді Сеулдің Орталық аудандық сотының судьясы келесі айдың басында жариялайды.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян