Армения мен АҚШ бірлескен компания құрады

Әлемде де транзит үшін бәсеке күшейіп барады. Армения мен АҚШ транзиттік бағыттарды жүзеге асыру үшін бірлескен компания құрады. 

Оның аясында «Трамп бағыты» деп аталатын жол Құрама Штаттарға 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Бұл ретте Вашингтонның үлесі 74%-ды құрамақ. Ал ынтымақтастық тағы 50 жылға ұзартылған жағдайда, Ереван өз үлесін 26%-дан 49%-ға дейін арттырады. 

Бұл жобаға Әзербайжан мен Армения басшылары өткен жылдың тамызында қол қойды. Келіссөз Ақ үйде, Дональд Трамптың арағайындығымен өтті. Ұзындығы 42 шақырым болатын теміржол учаскесі Армения аумағы арқылы Әзербайжанды Нахчыван автономиясымен байланыстырады. 

Жобаның мақсаты – елдердің қауіпсіздігін нығайту, америкалық сауданы дамыту және Орталық Азияны Еуропамен жалғайтын жаңа бағыттар құру. Сарапшылар: «Бұл құжат Ереван мен Баку арасындағы бейбіт қарым-қатынастың кепіліне айналды», - дейді.