Жапония Қытайдан қауіптенеді

Жапонияда балықшылар жай ғана қармақ салмайды, ел қорғайды. Ау құрып, ойықты аңдып отырып та жер суды қориды.

Олар қорғаныс ұйымдарына мүше. «Рейтер» агенттігі кейінгі кезде Жапония Қытайдан қауіптене бастағанын айтады. Сол себепті балықшыларына дейін сақ отыр. 

Балықшы Хитоши Накама Қытай мен Жапония арасындағы даулы Сенкаку аралдарына күнде 170 шақырым жүзіп барып келеді. Ондағы ойы тек қана балық аулау емес. Су мен құрлықтағы жағдайды көріп қайтады.

Хитоши Накама, балықшы:

- Сенкаку аралын қадағалап жүргеніме 30 жылдан асты. Бұл жақта кеме айлағы жоқ. Қандай да бір қауіп төнсе, ешкім саған көмектесе алмайды. Яғни арал қараусыз жатыр. Кейінгі кезде үкімет біздің ол жаққа барғанымызға және бақылау жасағанымызға қарсы бола бастады. Билік бұл көрші елдермен қарым-қатынасқа сызат түсіреді деп қорқады. Бізге кураторлық жасайтын Қаржы министрі «Болмашы текетірес соғысқа ұласып кетуі мүмкін» деп ескертті. Бірақ мен ол жаққа бәрібір барамын.

Сенкаку аралының қауіпсіздігіне жауапты арнаулы қауымдастық та бар. Оған жер қорғауға бейілді балықшылар мүше. Қауымдастық төрағасына да Жағалау күзеті аралға бармауға өтініш айтқан.

Хироаки Хайаши, Сенкаку аралын қорғау қауымдастығының төрағасы:

- Жағалау күзеті менімен хабарласып, барынша сақ болуға шақырды. Бұл ескертуді жедел балықшыларға жеткіздім.

Жапония мен Қытай арасының ушығуына жапон премьер-министрі Санаэ Такаичидің былтыр қарашада «Токио Тайваньға қатысты Қытайдың шабуылына жауап беруі мүмкін» мәлімдемесі себеп болған.

Пол Мидфорд, Мейджи Гакуин университеті Халықаралық қатынастар ғылымының профессоры:

- Менің ойымша, Жапония да, Қытай да қақтығысып қалмас үшін барын салып жатыр. Жағдай қазір шынымен ушығып тұр. Екі тарап та даулы су аумақтарын жылына 365 күн көз алмай бағып отыр. Олар үшінші тарап килігеді деп те қауіптенеді.

Сенкаку аралдарын Жапония 1895 жылдан бері біздікі деп жүр. Ал Қытай «ол ежелден біздің жер» дейді. Мамандардың бағалауынша, бұл аумақта мұнай-газдың мол қоры бар, балыққа да бай. Сондай-ақ әскери-теңіз жолдары және аймаққа ықпал ету тетігі ретінде маңызы зор аймақ. Де-факто Жапония бақылауында. Жағалау күзеті патруль жасайды. Қытай да қарап отырған жоқ. Әскери кемелерімен жиі жақындап, аймақты бақылап тұрады. Жағрафиялық жағынан алсақ, Сенкаку - шағын аралдар, бірақ үлкен саясат.

Авторы: Ернат Рахметолла