Қысқы Олимпиадаға 93 елдің спортшысы қатысады
XXV Қысқы Олимпиадалық ойындардың басталуына бір аптадай қалды.
Тарихта алғаш рет жарыс екі қалада – Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццода өтеді. Әлемнің 93 елінен келетін 3 мыңнан астам спортшы 16 спорт түрінен бақ сынасады. Маңызды шараға дайындық қалай жүріп жатыр?
Ақ Олимпиадаға Альпідегі дайындық қызу. Ол үшін 18 мыңға жуық ерікті жұмылдырылған. Тағы 50 мыңнан астамы түрлі қоғамдық бастамаларға қатысады. Мұнда спорттық және көлік инфрақұрылымынан өзге цифрлық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінуде. Ұйымдастырушылар кибершабуылдар қаупін ескеріп, байланыс жүйелерін, деректер мен қызметтерді қорғауды күшейтіп жатыр. Өйткені дәл осы кибершабуылдарға байланысты өткен Жазғы ойындар кезінде Парижде 140 жағдай тіркелген.
Джанлука Галассо, Италияның Киберқауіпсіздік агенттігі ұлттық кризистік басқармасының басшысы:
- Олимпиада әлемдік ауқымдағы оқиға. Болжам бойынша оны үш миллиардқа жуық көрермен тамашалайды. Тағы бір жарым миллион адам жарысты көру үшін арнайы келеді. Яғни бұл алаң өз кезегінде түрлі қаскөйлердің назарын аудартуы мүмкін. Сондықтан біз қауіпсіздіктің жоғарғы деңгейін қамтамасыз етуге атсалысамыз.
Тарихқа көз жүгіртсек, Кортина-д'Ампеццо осыдан 70 жыл бұрын қысқы ойындарды өткізген. Қала халқының саны 5 мыңға жуықтайды әрі елдің солтүстігінде орналасқан бұл шаһар туристер арасында танымал. Ақкіс егіздері Тина мен Майло Олимпиада және Паралимпиаданың ресми тұмарына айналды. Олар алдағы ойындардың рухын бейнелейді.
Венето Марио Базилоне, Кортина-Д’Ампеццо қаласының тұрғыны:
- Олимпиаданың қаламызға араға 70 жыл салып оралуы үлкен мәртебе. Жарыс Миланнан бастап таулы аймақтарға дейін созылады. Бұл әлемнің ең мықты атлеттерін қамтитын күллі олимпиадалық қозғалыс үшін маңызды оқиға.
Луиза Камполуонго, Кортина-Д’Ампеццо қаласының тұрғыны:
- Менің ойымша, Олимпиада ойындарынан кейін туристердің саны едәуір өседі. Бұл шаһар үшін жаңа кезеңнің бастауы болмақ.
Дайындық барысында климаттық тәуекелдер де ескеріледі. Жаһандық жылыну жағдайында ұйымдастырушылар жылы ауа-райында да спортшыларға тұрақты жағдай жасау мақсатында жасанды қар жүйелерін пайдаланады. Мамандардың айтуынша, тау шаңғысы, сноуборд және фристайл үшін бір жарым миллион текше метрден астам жасанды қар әзірленген.
Диего Криппа, Ливиньо қаласының тұрғыны:
- Қар көрмегенімізге бір айдай болды. Кейінгі рет жауғанда ақ ұлпа мөлшері тым аз болған. Енді табиғи қарға үміттеніп отырмыз, әйтпесе қиын болайын деп тұр. Қазір мамандар белсенді түрде жасанды қар дайындап жатыр.
Былтыр тұтанған Олимпиада алауы Италияның мәдени және тарихи қалалары, соның ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарын аралап жүр. Эстафета 63 күнге созылып, 12 мың шақырымды бағындырады. 6 ақпанда "Сан-Сиро" стадионында өз мәресіне жетеді. Дәл сол жерде қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді.
Мөлдір Жақан