Пәкістанда содырлардың шабуылдарынан 48 адам қаза тапты
Пәкістанда «Белуджистан азат ету армиясы» сепаратистік ұйымының шабуылдарынан соң кейінгі екі тәулікте 145 содырдың көзі жойылды.
Бұл туралы Рейтер агенттігі хабарлады. Бұған дейін сепаратистер Белуджистан провинциясындағы банк, түрме, полиция учаскелері және әскери нысандарға соққы жасаған еді. Шабуыл салдарынан 31 бейбіт тұрғын мен қауіпсіздік күштерінің 17 қызметкері қаза тапты. Провинция аумағында бір тәуліктен астам уақытқа интернет өшірілді. Көлік қозғалысы шектеліп, теміржол байланысы үзілді. "Белуджи сепаратистер мен пәкістандық тәліптер елдегі қауіпсіздік күштеріне жиі шабуылдағанмен мұндай ауқымды қақтығыстар кейінгі он жылда болмаған" дейді сарапшылар. Ішкі істер министрі Мохсин Накви содырларға Үндістан қолдау көрсеткенін жеткізді. Алайда Нью-Дели тарапы бұл пікірді жоққа шығарған.