Франция цифрландыруға белсенді түрде инвестиция құйып жатыр

Жасанды интеллектке, киберқауіпсіздікке және цифрлық инфрақұрылымға бағытталған миллиардтаған еуро алғашқы нәтижелерін бере бастады.

Алайда желілер мен технологиялардың даму көрсеткіштері жоғары болғанымен, күнделікті өмірде цифрлық қызметтерді қолдануда қиындықтар бар. 

Айдана Кәрібжанова, тілші:

- Франция – экономика мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға белсенді инвестиция салып жатқан елдердің бірі. 2021 жылы мұнда «Франция-2030» бағдарламасы қабылданып, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, бұлтты және кванттық технологияларға арналған он жылдық инвестициялық жоспар бекітілді. Қаржы салымдары алғашқы нәтижелерін көрсетті. Еурокомиссия деректеріне сәйкес Франция цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша Еуроодақтың орташа деңгейінен жоғары тұр. Ел аумағының шамамен 90 пайызы, соның ішінде ауылдық аймақтар да, өткізу қабілеті жоғары желілермен қамтылған.

Алайда Digital Decade есебіне сәйкес Франция цифрлық мемлекеттік қызметтердің сапасы бойынша орташа еуропалық көрсеткіштерден төмен. Әкімшілік қызметтерге арналған FranceConnect атты бірыңғай кіру жүйесі болғанына қарамастан, пайдаланушылар көпсатылы рәсімдерге және сервистер арасындағы интеграцияның әлсіздігіне тап болуда. Статистика жасанды интеллектіні енгізу бойынша да айырмашылық бар екенін көрсетеді: 2024 жылы ЖИ-ді ірі компаниялардың 37 пайызы қолданса, шағын және орта бизнес арасында бұл көрсеткіш 10 пайыздан төмен болды. IT-сала өкілдері бұл олқылықтарды деректерді қорғауға қатысты қатаң реттеумен де байланыстырады.

Рафик Смати, OBJECTIF FRANCE аналитикалық орталығының президенті:

- Еуропа, соның ішінде Франция ең алдымен қорғанысқа негізделген қоғам моделін қалыптастырып отыр. Жаңа технология пайда болғанда, біз нарықтарды игеру туралы емес, реттеу туралы ойлаймыз. Бұл жасанды интеллектке де қатысты.Дербес деректерді қорғау маңызды, бірақ зерттеулер 2019 жылдан бастап америкалық қорлардың Еуропаға салған инвестициялары азайғанын көрсетеді. Бұл үрдіс деректерді қорғау заңдарының күшіне енуімен тұспа-тұс келді.

Цифрлық технологияларды экономиканың және қоғамдық өмірдің барлық саласында белсенді қолдануға COVID-19 пандемиясы айтарлықтай әсер етті.  Цифрлық ғылымдар мен технологиялар саласындағы ұлттық зерттеу институтының деректеріне сәйкес француздардың 74 пайызы цифрландыруды өмірдің маңызды бөлігі деп санайды. Алайда респонденттердің 80 пайыздан астамы цифрлық сауаттылық деңгейіне аландауда. Бұл әсіресе егде жастағы адамдар мен әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға тән мәселе. Сондықтан Францияда онлайн-сервистердің күрделігі мен бөлшектенуін өтейтін France Services атты офлайн қолдау орталықтарына сұраныс жоғары.

Бүгінде Франция үшін басты міндет – жаңа стратегияларды қабылдау емес, қолданыстағы цифрлық шешімдердің тиімділігін арттырып, пайдаланушыға бейімдеу. Цифрлық технологиялар баршаға шынымен қолжетімді әрі ыңғайлы болған жағдайда ғана ел өзінің IT-амбицияларын нақты артықшылыққа айналдыра алады. 

Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан