Трамп Кубаны әлсіретуге кірісті
Куба экономикасы бұрын да оңып тұрмаған еді, енді одан әрі құлдырап барады.
Елдің мұнай қоры таусылуға шақ тұр. Бұл халықаралық Kpler сараптамалық компаниясының дерегі. Венесуэла Президенті Николас Мадуро биліктен шеттетілген соң, Гавана басты одақтасынан айырылды. Өйткені осыған дейін мұнайды Кубаға Каракас жеткізетін. Енді Вашингтон мұның бәрін шектеп тастады. Президент Трамп экономикалық қыспақты күшейтіп, Гавана билігін әлсіретуге ниетті.
Кубаның мұнай қоры таусылуға шақ тұр
Кубаның мұнай қоры 2-3 аптада таусылуы мүмкін. Бұл Халықаралық Kpler компаниясы сарапшыларының болжамы. Былтыр "Бостандық аралына" одақтастары күніне 37 мың баррель қара алтын жеткізетін. Қазір Құрама Штаттар мұның бәрін тыйып тастады. Ал жыл басынан бері Гавананың жиған мұнайы мардымсыз. 460 мың баррель ғана. Бұл небәрі 15-20 күнге жететін қор. Егер алдағы күндері энергетикалық шикізат жеткізу жағы реттелмесе, Кубада электр стансаларының жұмысы тоқтайды. Демек, бүтін бір мемлекет қара түнекте қалады. Қазірдің өзінде-ақ аракідік жарық өшіп, бағдаршамдар істен шыққан соң жол апаты жиілеген. Халық тамақ істеу үшін шыбық теріп, көмір жағып жүр. Сөйтіп, қара отынға сұраныс артып, бағасы да шарықтады. Ал сарапшылар Гавана билігі қарап отырмай, өзге елдермен байланысты жақсартуға мән беруі қажет, - дейді.
Карлос Альсугарай, саяси сарапшы:
- Қазір Кубадағы ахуал қиын. Сондықтан билік одақтас елдермен байланысты күшейтуі керек. Бірақ тек соларға ғана иек артуға болмайды. Мұнай бойынша өзге мемлекеттермен де байланыс орнату жағын да қарастыруы керек.
Рейтер агенттігінің мәліметінше, кейінгі 3 аптада Кубаның ұлттық валютасы 10 пайызға құнсызданды. Азық-түлік бағасы аспандап тұр. Жанар-жағармай да қат. Оның өзі тек АҚШ долларына ғана сатылады. Такси мен қоғамдық көлік жүрісі ішінара тоқтады. Құрама Штаттар Фидель Кастро билігіне қарсы осыдан 65 жыл бұрын санкция салған еді. Содан бері Куба экономикасы бұлайша тығырыққа тірелген емес, - дейді сарапшылар.
Блиц:
- Мен Куба төңкерісі кезінде дүниеге келдім. Содан бері АҚШ-тың қоқан лоқысы әбден шаршатып, жалықтырды. Талай қиын кезеңді бастан өткердік. Қазір де оңай емес. Жүрі тұруымыздың өзі қиын. Таңертең жұмысқа 4 сағат жүріп барамын.
- Бізді ешкімнің оқшалауға құқығы жоқ. Бұл кубалықтарға тиесілі жер. Сондықтан біз олардың дегеніне көне алмаймыз. Құрама Штаттардың өз мұнайы бар емес пе? Бізде несі бар? АҚШ-тың қабылдаған шараларынан биліктегілердің ешнәрсесі кетпейді. Зардап шегетін қарапайым халық қой.
АҚШ-тың блокадасы елдің тіршілігіне әсер етті. Бұрын жарық әрі кетсе, аптасына 2-3 рет қана сөнетін. Қазір күнде 12 сағатқа өшіп қалады. Биліктен қайыр жоқ. Өз бетінше амалдап, күнімізді көріп жатырмыз.
Кезек Кубаға келді ме?
Құрама Штаттар Куба билігінің Ресей, Қытай, Иран, тіпті ХАМАС және Хезболламен байланысы бар деп санайды. Сондықтан, осы елдердің Батыстағы ықпалын азайтуды көздейді. Таяуда Гаванаға мұнай сатқан елге тариф енгіземін деп ескертті. Осылайша Вашингтон басқа мемлекеттің қолдауын шектемек. Десе де, кеше АҚШ Кубамен келіссөз бастады. Мұны Президент Трамптың өзі мәлімдеді. 1961 жылы үзілген АҚШ-Куба байланысы жарты ғасырдан кейін Барак Обама тұсында, яғни 2015 жылы қайта жандана бастаған еді. Алайда Дональд Трамп бұл шешімнің күшін жойып, Гаванаға қайта шүйлігіп отыр.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
- Куба экономикасы күйреуге шақ тұр. Бұрын оларға Венесуэла көмектесетін. Қазір қол ұшын созатын Каракас та жоқ. Біз Кубаның жоғары лауазымды тұлғаларымен келіссөз бастадық. Кубадан босып, Құрама Штаттарына келген азамат көп. Мен олардың үйлеріне аман-есен оралғанын қалаймын. Көбінің отбасы Кубада тұрып жатыр. Жақындарын неше жылдан бері көрмей, қиналып жүр. Қазір Кубадағы ахуал қиын. Гуманитарлық дағдарысқа ұшырауға таяу тұр.
АҚШ-тың тарифке қатысты ескертуінен соң Мексика да көршісіне мұнай тасымалын тежей тұруға мәжбүр. Алайда Президент Клаудия Шейнбаум Куба халқын мүлде көмексіз қалдырмаймыз деген емеурін танытты.
Клаудия Шейнбаум, Мексика президенті:
- Мұнай тасымалдайтын елге баж салығын енгізу Кубада ірі гуманитарлық дағдарысқа әкелуі мүмкін. Бірінші кезекте бұл ауруханалардың жұмысына, азық-түлік пен кубалықтарға қатысты қауіпті арттырады. Сондықтан бұған жол беруге болмайды. Қысым көрсету шиеленісті шешпейді. Тараптар диалог жүргізу арқылы келісімге келуге тиіс.
Кубаның мұнай қоры таусылуға шақ тұр
Десе де, Куба АҚШ билігінің ыңғайына көнер емес. Елге мұнай тасымалын шектеуін "халықаралық қылмысқа" теңеді. Тіпті елде төтенше жағдай жарияланды. Сондай-ақ әлем елдерін үнсіз қалмауға шақырды. Гавана билігі, Куба Құрама Штаттарға қарсы жасырын қастандық ойластырып жатқан жоқ. Өз аумағында ешқандай шетелдік әскери базаны орналастыруға рұқсат бермейміз деп мәлімдеді.
Мигель Диас-Канель, Куба президенті:
- Біздің ел ешкімнің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндірмейді. Біз бейбіт халықпыз. Экономикалық санкциялардан көз ашпай отырсақ та Куба диалогтан қашқан емес. Тек бір шарт бар. Біз АҚШ үкіметімен келіссөз жүргізуге дайынбыз. Алайда бұл басқосуда Куба халқының мүддесі де ескерілуі керек.
Мемлекеттік хатшы Марко Рубио Кубаның қазіргі билігімен қатынасты қалпына келтіру мүмкін емес дейді. Айтуынша, бұған Хелмс-Бертон заңы кедергі. АҚШ эмбаргодан босату үшін аралда билік ауысуы қажет, - дейді. Ал Wall Street Journal басылымының дерегіне сенсек, Президент Трамп Гаванаға қатысты жоспарын осы жылдың аяғына дейін жүзеге асырмақ.