Қазақстан мен ЭЫДҰ ынтымақтастығы

Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Париждегі штаб-пәтерінде өткен «Еуразия апталығына» қатысты.

Тұрақты түрде өтетін бұл кездесу Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдерінен, Ұйымға мүше мемлекеттерден, сондай-ақ халықаралық ұйымдар мен бизнес өкілдерінен 200-ден астам делегатты біріктірді. Ел атынан Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мен Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов бастаған делегация қатысты. Топ құрамына Үкіметтің экономикалық және өнеркәсіптік блок өкілдері, сондай-ақ Париждегі халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері кірді. Қазақстандық тарап елдегі экономикалық реформаларды жүзеге асыруда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының сараптамалары мен ұсынымдарының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Қатысушылар Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне ерекше назар аударып, оның бәсекеге қабілеттілігі, логистиканы цифрландыру және орнықты инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады.

Билл Томпсон, ЭЫДҰ Еуразия бөлімінің басшысы:

- Еуразия апталығы - бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының бәсекеге қабілеттілік бағдарламасы аясында өтетін министрлер деңгейіндегі тұрақты кездесу. Қазақстан бұл алаңдағы талқылауларға белсенді қатысып келе жатыр және  бағдарламаның ең маңызды серіктестерінің бірі. Сонымен қатар, Қазақстан Ұйымның Орталық Азия бастамасының өңірлік тең төрағасы ретінде де көп үлес қосады, бұл біз үшін маңызды жайт.

Айжан Бижанова, ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі:

- Қазақстан үш ауқымды сессияға қатысты. Оның бірі көлік байланысы мен Транскаспий халықаралық дәлізінің артықшылықтарына арналған. Екіншісі - өңірлік тұрақтылық пен жасыл экономиканы дамыту мәселелерін қамтыды. Жалпы цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу мәселелерін қоса алғанда, көптеген бағыттар талқыланды.