Еуропаның жасыл энергияға бетбұрысы

2050 жылға қарай адамзат қуаттың 90 пайызын жасыл энергия көздерінен алады. Бұл Халықаралық жаңартылатын энергия көздері жөніндегі агенттіктің болжамы.

Қазір саладағы көшбасшы - Еуроодақ елдері. Қарт құрлықтағы жасыл энергия үлесі қалай ұлғайып жатыр?

Швеция қоршаған ортаны ластайтын энергия көздерімен қош айтысатын күн алыс емес. Қазірдің өзінде елде қуаттың 2 пайызы ғана сарқылатын көздерден, яғни мұнай, көмір және табиғи газдан өндіріледі. Ал жаңартылатын энергияның үлесі 70 пайыз болса, қалғаны атом энергиясына тиесілі. Әрі кетсе 10-15 жылда Стокгольм жерасты қазбаларынан толықтай бас тартуға ниетті. Сондықтан Швецияда тоқпен жүретін көліктер жаппай қолданысқа еніп жатыр. Сарапшылар 2030 жылға қарай елдегі жүргізушілердің 45 пайызы электромобиль мінеді деп топшылайды.

Дания үкіметі де қарап отырған жоқ. Былтыр елде баламалы энергияның үлесі 88 пайызға жетті. Сондай-ақ өткен жылы 3 бірдей ірі жел диірменінің құрылысы басталды. Жоба іске қосылса, 3 млн үй жарықпен қамтылады. Оны іске асыруға жеке инвесторлар тартылған. Есесіне үкімет 8,3 млрд доллар субсидия береміз деп отыр. Теңізде бой көтеретін жел диірмендерінің құрылысы 2033 жылы аяқталуға тиіс.

Еуропада бұл салада Португалия да көш ілгері. Лиссабон әрі кетсе 3-4 жылда жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 93 пайызға дейін жеткізбек. Былтыр бұл көрсеткіш 80 пайызға жуықтады. Негізгі қуат көздері бұл - су және жел. Португалия өзінің ішкі нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, баламалы энергияны өндіріп, оны экспорттау арқылы да табысқа кенеліп отыр. Алайда кейінгі жылдары жасыл технологияға көшудің қауіп-қатері бар деген ескертулер айтыла бастады. Сарапшылардың сөзіне қарағанда, баламалы қуат көздерін өндіруге қажетті инфрақұрылымды тұрғызу үшін адамзат қазба байлықтарын игеруді одан бетер арттырып отыр. Ал бұл қоршаған ортаға орны толмас залал келтіруі мүмкін, - дейді экологтар.

Авторлары: Зайнұр Байжігіт, Әсел Әбдіхалықова