Германиямен инвестициялық серіктестік артады
Қазақстан мен Германия химия, көлік және өнеркәсіп салаларындағы инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуде.
Германияның ірі химиялық Lanxess компаниясы құрылыс секторында кеңінен қолданылатын лак-бояу өнімдерін өндіру үшін Жамбыл облысындағы фосфор зауытына инвестиция салуға ниетті. Ал логистикалық алпауыт «Rhenus Транскаспий» халықаралық көлік дәлізін дамытуға өз үлесін қоспақ. Осы және өзге де уағдаластықтар Берлинде өткен Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың неміс бизнесінің жетекші өкілдерімен кездесулері барысында талқыланды. Басқосуда қазақ-неміс сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары қарастырылды.
Ғабидолла Оспанқұлов, ҚР СІМ инвестициялар комитетінің төрағасы :
- Сыртқы істер министрінің Германияға сапары аясында бес ірі неміс компаниясының өкілдерімен кездесулер өтті. Келіссөздер барысында нақты жобалар талқыланды. Бұл келісімдер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында инвестиция тартудың маңыздылығы жөнінде берген тапсырмаларымен үндеседі. Әңгіме өңдеу өнеркәсібін дамыту, Германияның озық технологияларын енгізу және адами капиталды дамыту туралы болып отыр. Қол жеткізілген уағдаластықтар еліміздің экономикасына нақты әсер етеді деп сенеміз.
Кездесуде Kazakh Invest ұлттық компаниясы технологиялық металдар мен сирек минералдарды импорттауға маманданған Noble Elements компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бірлестік еліміздегі пайдаланылған үйінділерді зерттеу және сирек металдарды іздеу жобаларына қызығушылық танытып отыр. Германия -Қазақстанның Еуропадағы ең ірі сауда-экономикалық серіктестерінің бірі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 9,5 пайызға өсіп, 5 миллиард АҚШ долларынан асты.
Андреас Кролл, Noble Elements компаниясының бас директоры :
- Біз Қазақстанға шикізат нарығындағы маңызды серіктес ретінде қомақты инвестиция салуға ниеттіміз. Сирек металдар бойынша ынтымақтастық орнатуға әзірміз. Болашақта бірлесіп жүзеге асыратын жобаларға қатысты ұсыныстарымыз көп. Қазақстанда жаңа технологияларды пайдалана отырып, толыққанды қосылған құн тізбегін қалыптастыруға үлес қосуды көздейміз.