Әлемнің ірі агломерациялары
Былтыр 4,8 млрд адам, яғни әлем халқының шамамен 58%-ы қалалық жерде өмір сүрді. 2050 жылға қарай көрсеткіш 67%-ға дейін өсуі мүмкін.
Бұл Біріккен ұлттар ұйымының мәліметі. Бүгінде әлемде 10 млн-нан астам халық тұратын 33 қала бар. Мегаполистердің көпшілігі Азияда орналасқан. Одан кейін тізімді Латын Америкасы, Африка жалғастырады.
Токио – әлемдегі ең ірі агломерациялардың бірі. Мегаполистан 30 шақырым жерде Йокогама, бұдан өзге Сайтама және Чиба қалалары орналасқан. Осының барлығы шамамен 37 млн халқы бар агломерацияны құрайды. Бұл Жапонияның ғана емес, күллі әлемнің қаржылық орталықтарының бірі. Мұнда ірі бірлестіктер, банк және технологиялық компаниялар, сондай-ақ әлем бойынша ең көп жүктемеге ие көлік желілері шоғырланған. Токио шаһары халық тығыздығына қарамастан инфрақұрылым мен қауіпсіздікке баса мән береді. Алайда халықтың қартаюы және өсудің баяулауы сияқты демографиялық мәселелер де жоқ емес.
Нью-Дели – әлем бойынша халқы ең жылдам көбейіп келе жатқан агломерация. Мұнда 34 млн адам өмір сүреді. Ол Үндістанның экономикалық және саяси орталығы. Агломерация құрамына жақын маңдағы Гургаон, Нойда, Газиабад, Фаридабад және тағы басқа қалалар кіреді. Ондағы халық санының жоғары қарқынмен өсуі ішкі миграциямен байланысты. Агломерацияда айти-сектор, құрылыс және қызмет көрсету салалары белсенді дамып келеді. Дегенмен, жоғары миграция инфрақұрылымға, көлік саласына салмақ салып, ауа сапасының нашарлауына алып келген.
30 млн халқы бар Шанхай қаласы да жоғары қарқынмен дамып келеді. Теңіз жағасында орналасқан алып шаһар халықаралық сауда-саттықтың маңызды торабына айналған. Былтыр агломерацияның жалпы өңірлік өнімі 814 млрд АҚШ долларына жетті. Шанхай ғылыми-техникалық дамуға қыруар инвестиция құяды. Экономикалық өсумен қатар билік экологиялық және төмен көміртекті түрлендіру шараларын енгізуде. Жасыл желектерді кеңейтіп, өзендер бойындағы инфрақұрылымды жаңғыртып жатыр. Осылайша, Шанхай сапалы өмір мен бизнес үшін халықаралық «ақылды» мегаполис мәртебесін нығайтуда.
Бразилияның Сан-Паулу қаласы – Латын Америкасындағы ең ірі агломерация. Онда 23 млн-ға жуық адам тұрады. ХХ ғасырдың басында-ақ Сан-Паулу мигранттар мен инвесторларды тарта отырып, Бразилияның негізгі өндірістік орталығына айналды. Халық санының қарқынды өсуінің арқасында мегаполис Оңтүстік жарты шардағы ең ірі экономикалық хаб мәртебесіне қол жеткізді. Дегенмен, қалада ауа мен судың ластану деңгейі өзекті мәселе. Тиете және Пинейрос өзендері өндірістік және тұрмыстық ағынды сулардан зиян шегеді. Кептеліс пен көлік инфрақұрылымы да өзекті мәселеге айналған.
Авторы: Мөлдір Жақан