Өзбекстан-Қазақстан шекарасынан тыйым салынған заттарды алып өту жиілеген
Өзбекстан мен Қазақстан шекарасынан тыйым салынған заттарды алып өту фактілері азаймай тұр.
Әсіресе дәрі-дәрмек препараттары мен зергерлік бұйымдардың тасымалы көбейген. Былтыр осындай 40 мың дерек тіркеліпті. 2025 жылы Қазақстан мен Өзбекстан шекарасынан 5 млн автокөлік өткен. Және бұл көрсеткіш жыл сайын артып отыр, дейді кеденшілер. Қазір екі ел арасында 7 өткізу бекеті і жұмыс істеп тұр.
Фарход Олимжонов, Өзбекстан мемлекеттік кеден комитетінің басқарма бастығы:
- Жолаушы шекарадан өткен кезде азаматтарға кеденшілер контрабандалық немесе заңсыз бұйымдарды алып өтуге болмайтынын ескертеді. Сондай-ақ оларға декларация толтыру қажеттігі айтылады. Егер аталған талаптарды ескермей, ол адам «жасыл дәліз» арқылы өтсе, тауарлар тәркіленеді. Өйткені азамат «жасыл дәлізбен» жүрсе, онда жолаушы сол әрекеті арқылы өзімен бірге заңсыз заттарды әкелмегенін растайды. Кейін тексеріс барысында одан бағалы тауарлар анықталса, ол міндетті түрде тәркіленеді.