Қазақстан мен Қытай шекарасы бірнеше күнге жабылды

Қазір автокөлік бекеттерінің жұмысы тоқтап тұр. Екі ел арасындағы өткізу пункттерінен адамдар, көліктер мен жүк тасмалданбайды. Шекараның жабылуына не себеп? Бұл неше күнге жалғасады?

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Иә, Қытаймен шекара жабық тұр. Бірақ уақытша. Бұл шешім Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара келісім аясында қабылданған. Екі елдің өткізу орындары жұмысын 18-ші ақпанға дейін тоқтатты. Бұл жөнінде Қытайдың Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің шекара басқармасы ресми хабарлады. 

Осы күндері Қазақстан мен Қытай шекарасындағы өткізу пункттерінен адамдар, көліктер мен жүк өткізілмейді. Десе де теміржол бекеттері штаттық режимде жұмыс істей береді. Бұл шектеулер Қытайдағы көктем мерекесіне байланысты. Айта кетейін, Қытай халқына Ай күнтізбесі маңызды. Бұл елдің мәдениеті мен дәстүріне сәйкес жаңа жыл бір айдан астам уақыт бойы тойланады. Шаған мерекесі жалпыхалықтық, отбасылық сипатқа ие. Осы күндері шекарадағы қызмет көрсету орындары, жалпы елдегі барлық мемлекеттік мекемелерден бастап, базар, ойын-сауық орындары түгел жабылады. Дәстүрге сәйкес осы күндері қытайлар туып-өскен ауылдарына, ағайын-туыстарына, ауылдағы ата-аналарына барып бірнеше күн бойы жаппай демалады. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Ескі жылмен қош айтысып, жаңа жылды қарсы алады. Дәл осы дәстүрмен 2 мың жылдан астам уақыттан бері тойлап келеді. Бұл мереке биыл 17 мен 23 ақпан аралығына түсіп тұр. Мемлекетте 9 күнге демалыс жарияланып отыр. Тасмалдаушылар мен барлық өзге де шекараны кесіп өтуге ниетті азаматтар осы шектеулерді ескеріп, сапарды алдын ала жоспарлағандары дұрыс.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын