Әлемдік тәжірибе: тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі
Экономикасы дамыған елдерде де тұрғын үй саласын инвестициялаудың негізгі бағыттары ретінде ипотекалық несие беру жəне құрылыс жинақ жүйелері кеңінен қолданылады.
Құрылыс жинақ кассалар жүйесінің дамуы Батыс Еуропа, Шығыс Еуропа жəне АҚШ-та кеңінен тараған.
Құрылыс жинақ жүйелері алғаш ХVІІІ ғасырда Англияда пайда болған. Бұл кезеңде жұмысшылар мен орта тап өкілдері бірігіп, өзара көмек қағидатына негізделген құрылыс қоғамдарын құрды. Олар белгілі бір уақыт ішінде ортақ қорға тұрақты жарна жинап, кезек тәртібімен мүшелеріне үй салуға немесе сатып алуға қаражат беріп отырған. Кейін бұл ұйымдар тұрақты қаржы институттарына айналып, тұрғын үйді несиелеудің маңызды тетігі болды. Уақыт өте келе Англия тәжірибесі Еуропа елдеріне әсер етті. Нәтижесінде мемлекет қолдайтын, заңмен реттелетін және миллиондаған азаматтың тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беретін халықаралық қаржы институты пайда болды.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі Германияда жақсы дамыған. Баушпаркасса «Bausparkasse» деп аталатын жүйе арқылы азаматтар 5-7 жыл ішінде тұрақты жарна жинай алады. Белгіленген соманың 40-50%-ын жинағаннан кейін төмен пайызбен несие алады. Бұл жүйенің басты ерекшелігі – пайыздық мөлшерлеменің келісімшарт жасалған сәттен бастап алдын ала белгіленуі. Яғни нарықтағы ипотекалық пайыз өссе де, тұтынушы үшін шарттар өзгермейді. Осылайша салымшы болашақтағы қаржылық жүктемесін нақты жоспарлай алады. Сондай-ақ мемлекет тарапынан қолдауға ие. Салымшыларға мемлекеттік сыйақы және салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Әсіресе жас отбасылар мен орта табысты азаматтар үшін бұл жүйе тиімді. Тағы бір маңызды қыры – жүйе жаңа тұрғын үй сатып алуға ғана емес, үйді жөндеу және энергия тиімділігін арттыру жобаларына да қолданылады.
АҚШ-тағы жүйенің басты ерекшелігі – нарықтық механизмдердің басымдығы. Қазір АҚШ-та тұрғын үй қаржыландыру жүйесі жинақ институттары, коммерциялық банктер және ипотекалық нарықтың екінші деңгейлі операторлары арқылы жұмыс істейді. Бұл модель классикалық еуропалық құрылыс-жинақ жүйесінен ерекшеленеді, себебі ол жабық жинақ қағидатына емес, кең ауқымды ипотекалық нарық пен бағалы қағаздар механизміне сүйенеді. АҚШ тәжірибесі тұрғын үйді қаржыландыруда кооперативтік бастамадан басталып, кейін дамыған нарықтық ипотекалық жүйеге ұласты.
Авторы: Фариза Жанғанаева