Ресейлік БАҚ Қазақстандағы реформалар туралы
Еліміздегі Конституциялық реформаны ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары да қызу талқылап жатыр.
Басылым беттері мен сарапшылар пікірі сараланған бірқатар мақалада жаңа заң жобасындағы өзгерістерге елдің дамуына тың серпін беретін ауқымды реформа деп баға берген.
Ресейлік басылымдар Қазақстандағы конституциялық реформалар оң әрі конструктивті бағытта деп бағалауда. Сарапшылар ұсынылып отырған өзгерістердің ауқымдылығы мен жүйелілігіне көп мән береді. Түзетулер еліміздің тарихындағы «ең маңызды, іргелі, әрі мемлекет дамуының жаңа кезеңін айқындайтын жүйе» екенін айтады. Бірқатар мақалада жекелеген нормаларды жай ғана түзету емес, мемлекеттік институттарды нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам деп сипаттаған.
Константин Калачёв, саясаттанушы:
- Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасымен таныстым. Онда тұрақтылық пен тепе-теңдік мемлекеттік билік жүйесінің басты басымдығы әрі егемендік пен дамудың кепілі деп атап өтілген. Шын мәнісінде бұл ішкі және сыртқы ықтимал тәуекелдер мен сын-қатерлерге жауап беретін маңызды құжат.
Федералдық басылымдар да ұсынылған реформаға айрықша назар аударып отыр. «Аргументы и факты» басылымының журналисі Андрей Белобородов сараптамалық материал дайындау барысында бірнеше сарапшымен сұхбаттасқан. Автор ресейлік сарапшылар қауымдастығы үшін Қазақстан маңызды серіктес ел екенін, ал жүзеге асып жатқан өзгерістер көршілес мемлекеттегі қарқынды институционалдық жаңғырудың үлгісі ретінде қарастырылатынын атап өтті.
Андрей Белобородов, журналист:
- Қазақстан бағыты бойынша жұмыс істейтін ресейлік кәсіпкерлер, саясаткерлер, саясаттанушылар Қазақстанға қатысты барлық материалдар мен сараптамаларды үнемі жіті қадағалап отырады. Мұның барлығын сарапшылар қауымдастығы оқып, талдап, түрлі іс-шараларда талқылайды.
Жалпы бұл пікірлер әлемдік БАҚ, халықаралық сарапшылардың Қазақстанда болып жатқан өзгерістерге оң бағасын беріп, қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді.
Авторлары: Фариза Жанғанаева, Наргиз Рахимжан