Газа секторының халқы бейбіт өмірге оралған жоқ
Газа секторының халқы бейбіт өмірге әлі оралған жоқ.
Анклавтағы жағдай БҰҰ Бас Хатшының орынбасары Розмари Дикарлоны алаңдатып отыр. Оның айтуына қарағанда бейбіт келісімге қарамастан аймақта тыныштықтың орнайтын түрі көрінбейді. Кейінгі бірер аптада ондаған палестиналықтың өмірі қиылған. Осылайша мыңдаған адам өмірге қауіп пен жоқшылық жағдайында Рамазан айын қарсы алуға мәжбүр.
Қиын қыстау кезеңге қарамастан палестиналықтар таң алагеуімнен оянып, ауыз бекітті. Үйінділер арасынан дастархан жайып, аспалы шам іліп, түгел қауым болып бір үстел басына жиналды.
Мұхаммед Әл-Дада, жергілікті тұрғын:
- Бұрын Рамазан айында дастарханымызды тамаққа толтырып қоятынбыз. Қазір сәресін ішіп, кешкісін ауызашарға азық-түлік тапсақ, қуанамыз. Палестиналықтар да адамша өмір сүруге құқылы. Біз әлем елдерін Газа секторында тұрақтылық орнатуға көмектессе дейміз.
2 апта бұрын Мысырмен арадағы "Рафах" өткізу-бақылау бекеті ашылды. Содан бері емге мұқтаж 320 палестиналық қана шекара асқан. Осыншама адам Газа секторына оралды. Ал, бейбіт келісімге сай, бұл көрсеткіш 3 есе көп болуға тиіс. Алайда, Израиль армиясы тексеріс шараларын қиындатып тұр. Палестиналықтарды тергеп, психологиялық қысым жасайтындары да бар.
Ваффа, Газаға оралған тұрғын:
- Екі жыл бойы көрмеген отбасыммен, күйеуіммен қайта қауыштық. Біз көп қиындық көрдік. Бастапқыда бәрі жақсы болды. Бірақ Израиль жағына жеткенде бәрі өзгерді Олар бізді ұстап, екі сағаттан аса тергеді.
Худа Әбу Абед, Газаға оралған тұрғын:
- Жасым 57-де. Жүрегім ауырады. Бір көзім көрмейді. Соған қарамастан израильдік сарбаздар мені сүйреп, қолым мен көзімді байлап, мені бірнеше сағат тергеді.
Бұл жағдайға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі де алаңдап отыр. Израиль жауынгерлерінің бұл әрекеті адамдардың еркін жүріп-тұру құқығын өрескел бұзу деп қатаң айыптады.
АҚШ
Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі:
- Рафах өткізу бекетіндегі жағдай палестиналықтардың медициналық көмек алуына, олардың отбасыларымен қауышуына кедергі келтіреді. Сондықтан шекара толық ашылуы тиіс.
Бейбіт келісім былтыр қазанда жасалды. Алайда Израильдің әуе шабуылдарының тоқтайтын түрі жоқ. Газа секторында бейбіт халық үшін қауіп көп. Тұрғындардың 90 пайызы үйінділер арасында өмір сүруге мәжбүр. БҰҰ-ның мәліметі бойынша оны тазалау үшін кемі 7 жыл қажет. Халықаралық ұйымдар бар күшін салып жатқанымен көмек жеткіліксіз. Сондықтан мыңдаған адам Рамазан айында өмір үшін арпалысуға мәжбүр.
Зайнұр Байжігіт