Қытайлар ғарышқа бақша екті
Қытайлар ғарышта диқаншылықты қолға алды.
Олар орбитада өсімдіктің 7 түрін еккен. Ал күтіп баптауға «су аэропоникалық жүйесін» пайдаланған. Тың технология энергия мен суды шығынсыз әрі ұзақ тұтынуға мүмкіндік береді. Ғарыш станциясында өніп, түйіндеген дақылдар алты ай дегенде жеміс бере бастады. Қазір ғалымдар піскен қызанақтарды шетінен жинап алып жатыр. Көкөністер ғарышкерлерге азық болады. Бірақ түпкі мақсат бұл емес. Зерттеу тобы өсімдіктердің микрогравитация жағдайында өніп- өсу мүмкіндіктерін анықтауға күш салуда.
Чжан Хунчжан, ғарышкер:
- Біз әр түпті қадағалап жапырағы мен сабағын өлшеп, тіркеп отырамыз. Бұл аса құнды мәлімет. Жинақталған білім мен тәжірибе келесі дақылдарды өсіру кезінде қолданылады. Бұл тәсілді Қытайдың зерттеу және оқыту орталығы ойлап тапты. Булану процесі арқылы суды ұзақ әрі тиімді пайдалану мүмкіндігі едәуір артты. Сондай-ақ жарықдиодты спектр арнайы таңдалып отыр. Ол энергия үнемдеуге қолайлы.