АҚШ ақшасы арзандады

АҚШ ақшасы да арзандады. Жыл басынан бері доллар құлдырап, төл теңгеміздің тұғыры беки түсті.

Ұлттық банк ұсынған статистикаға сүйенсек, 1 доллардың теңгеге шаққандағы бүгінгі құны 494 теңге. АҚШ доллары айтарлықтай арзандады. Көк қағаз былтыр қыркүйекте күшіне мініп, 1 доллардың құны 550 теңгеге дейін қымбаттағаны елдің есінде. Ал қазан мен қарашада төл теңгеміздің нығайды деуге болады.  Желтоқсандағы да жағдай осыған ұқсас. Ал жыл басынан бергі өзгерістерді тілші шолуында толығырақ тарқатайын. Алдымен өткен жылға зер салайық. Былтыр көктемде көк қағаздың құны 497 теңгеге дейін арзандады. Бірақ көп ұзамай қыркүйекте 550 теңгеге дейін шарықтап кетті. Ал жыл соңында, анығын айтсақ желтоқсан айында АҚШ ақшасының теңгеге шаққандағы құны 499 теңгеге жетті. Байқағаңыздай екі айдың бедерінде америкалық валюта 50 теңгеге құнсызданды. Яғни былтырғы төртінші тоқсанда  төл теңгеміз 9,2 пайызға нығайды. Ал биылғы қаңтарда бұл көрсеткіш 501 теңгеге дейін жетті. Ақпан айында, анығын айтқанда 19-шы ақпанда АҚШ ақшасы 489 теңгеге дейін арзандады.

Бүгінгі баға райы 494 теңге болып тұр. Бұған жаһандық геосаяси жағдай, мұнай баррелінің бағасы себеп. Сондай-ақ сыртқы салымшылардың қазақ даласына инвестиция құю қарқынының артуы да айтарлықтай әсер еткен. Сарапшылар осылай дейді.

Наурыз айы - $1 - ₸497

Қыркүйек айы - $1 - ₸550

Желтоқсан айы - $1 - ₸499

Қаңтар айы - 501 теңге

Ақпан айы - 489 теңге

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Мұнай бағасының өзгерісіне геосаяси фактілер тікелей әсерін тигізеді. ОПЕК-ке мүше мемлекеттердің саясаты әсер етеді. АҚШ міндетті түрде қазіргі уақытта Трамптың саясаты Газа секторын қаржыландыруға қатысты мұнайлы мемлекеттермен екі арада ынтымақтастықты күшейтіп жатыр. Бұл біз үшін, мұнай өндіретін ОПЕК-ке мүше елдерге тиімді.

Валюта бағамы қалай құбылады?

Ал алда ақша саясаты қалай құбылады? Сарапшылар 2026 жылға қандай болжам жасап отыр? Оны білу үшін алдымен өткенге үңілейік. Бұған дейін АҚШ ақшасының құны осылай болған.

2022 жыл - $1 - ₸433-497

2023 жыл - $1 - ₸445-476

2024 жыл - $1 - ₸442-519

2025 жыл - $1 - ₸497-550

Бауыржан Ысқақ, экономист:

- Қаңтар, ақпан, наурыз, яғни бірінші тоқсанның көлемінде 500 480-нің маңайында болады деген болжам бар. Өйткені қандайда бір өзгерістер жоқ. Ал егерде мұнайдың бағасы сырттағы нарықта 75 доллардан төмендеу сатылып қалу қауіпі бар, осы жылдың ортасында болуы мүмкін. Ол уақыттары теңгеміз девальвацияға түсіп қалуы мүмкін. Яғни бірінші жарты жылдықтың ортасында 525-530 теңгге дейін доллардың бағасы қымбаттауы мүмкін.

Қаражатты қай валютада сақтаған дұрыс?

Қорыта айтқанда валюта бағамы қалай һәм қайда бет бұратынын білу қиын. Тек болжам ғана бар. Ал енді аумалы-төкпелі шақтың алма-ғайып сәтінде салымшылар қалай амалдау керек? Көпшіліктің көңілінде, «Доллар құлдырағанда АҚШ ақшасын сатып алған дұрыс па?»,- деген сауал туындағаны белгілі. Бұл жайлы да сала сарапшысынан сұраған едік. Қолыңыздағы қаражатты қандай валютамен сақтаған дұрыс?

Меруерт Махмұтова, экономист:

- Теңгеміз қабылданған 1993 жылдан бері жылдан жылға құнсызданып жатыр. Нығайып жатқаны бұл қысқа мерзімді тренд, сондықтан әр азамат ұзақ мерзімде ақшамды сақтап қаламын десе тұрақты күнделікті ақшаңыз теңгеде болсын, теңгелік депозитті болсын. Сосын ұзақ мерзімді шешімдер, жоспарлар болса, тұрақты валютамен сақтауға дұрыс болар деп ойлар едім.