Әлемдік сауда текетіресі қызайын деп тұр

Дональд Трамптың қадалған жерінен қан алмай тынбайтын түрі бар. АҚШ-тың Жоғарғы соты Ақ үй басшысының тариф саясаты заңға томпақ деп шешім шығарғанмен,

Трамп әлем елдерінен баж салығын жинаудың өзге амалын тапты. Ал бұл қандай амал? АҚШ Президенті Дональд Трамп импортқа қатысты шектеулерді үдемелетіп, әлем елдерінен баж салығын жинаудың жаңа тәсілін тапты.  Бұл туралы америкалық «Блумберг» басылымы жазды. Өткен аптада Құрама Штаттардың Жоғарғы соты Ақ үй басшысы былтыр енгізген тарифтерді заңсыз деп атады. Яғни, Президенттің шұғыл салық салу құқығын шектеді. Бұдан соң, әлемдік сауда текетіресі осы жерден тоқтай ма деген үміт пайда болған еді. Алайда Америка басшысы қарап отырмақ емес. Тұтас әлемге ортақ 15 пайыздық баж салығының мерзімі аяқталған соң, оның орнын басатын басқа заң тетіктерін пайдаланбақ. Яғни енді ұлттық қауіпсіздік пен сауда серіктестерінің әділетсіз әрекеттерін сылтау етіп, 1962 мен 1974 жылдары қабылданған Сауда туралы заңдардың кей баптарын іске қоспақ. Бұл жолы батареялар, электр желісіне арналған жабдықтар, телебайланыс құрылғылары, пластик өнімдеріне қосымша тариф енгізуді жоспарлап отыр.  Құрама Штаттар Жоғарғы сотының шешімі шыққан соң, Еуропалық Одақ пен Үндістан сауда келіссөздерін тоқтатып қойды. Ал Президент Трамп әдеттегідей ашу шақырып, мұны отпен ойнау екенін ескертті. 

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Егер қандай да бір ел, әсіресе бұрын біздің арқамызда байып, АҚШ-пен тиімсіз сауда жасап келген мемлекеттер Жоғарғы соттың шешімін қулықпен пайдаланғысы келсе, онда оларға бұрын келісілгеннен де жоғары салық салынуы мүмкін.

Трамптың америкалықтар арасында беделі түсті

Биыл АҚШ Конгрессіне сайлау өтеді. Саяси науқан Президенттік мерзімнің тура ортасына тұспа-тұс келіп тұр. Өкілдер палатасындағы барлық 435 орын дауыс беруге шығарылады. Ал Америка басшысы өз дегенін істете алу үшін оның партиясы аралық сайлауда жеңіске жетуге тиіс. Қазір  Дональд Трамп жақтастары, яғни республикашылар Конгрестің қос палатасында да басымдыққа ие. Бірақ алдағы саяси науқан жағдайды түбегейлі өзгертуі мүмкін, - дейді сарапшылар. Өйткені, Президент Дональд Трамптың америкалықтар арасында беделі түсті. Оны қолдау рейтингі ең төменгі межеге жеткен. Кейінгі зерттеу сауалнамасына қатысқандардың тек 36 пайызы Ақ үй басшысының қызметіне көңілдері толатынын айтқан. Тұрғындар Президенттің қатаң сауда саясатын қолдамайтынын жеткізген. Сондықтан, бүгін  Дональд Трамп Конгресте жариялайтын жолдауында саяси ұпайын түгендеуге басымдық береді, - дейді сарапшылар. 

Эндрю Смит, Нью-Гэмпшир университетінің профессоры:

- Көп адам Жолдауды толық қарап отырмайды. Бірақ бәрі жаңалық оқиды. Сондықтан жолдаудың өзін емес, оны республикалық немесе демократиялық медиа компаниялар қалай түсіндіретіні маңызды болып тұр. Яғни насихат қалай жүргізіледі? Бар мәселе осында. Аралық сайлауда Президент партиясы әдетте басымдықтан айырылады. Егер республикашылар 5–10 орын жоғалтса, жағдай қиындайды. Трамптың кейінгі екі жылы Конгреспен қарсыласумен өтеді.

Тарифтер америкалықтарға салмақ салды

134 млрд доллар. Былтыр баж салығынан АҚШ бюджетіне осыншама сома кіріс кірді.  Бірақ бұдан америкалықтардың шекесі шылқып, шыға келгені шамалы. Өйткені сырттан келетін өнімнің құны еселеп қымбаттады. Тиісінше, бұл қарапайым халықтың қалтасына салмақ салды. Tax Foundation қорының дерегі бойынша, былтыр Дональд Трамп тарифтері америкалықтардың шығынын 1000 долларға арттырды. Ал Құрама Штаттар Жоғарғы сотының шешімінен халыққа қайыр болмай тұр. Өйткені қымбатшылықтан зардап шеккені үшін америкалықтар ешқайда жүгіне алмайды, - дейді сарапшылар.

Осыған дейін төленген баж салығын бизнес өкілдері қайтара ала ма, жоқ па? Бұл жағы әзірге белгісіз. Мәселе Конгресте қаралуға тиіс. Алайда АҚШ-та бірқатар ірі компания Ақ үй әкімшілігін сотқа беріп үлгерді. Президент Трамп бұған дейін төленген баж салығы қайтарылмайды деп ескерткен еді. Сондай-ақ билік өкілдері Америка басшысы саудаға қатысты ұстанымын өзгертпейді деп отыр. Демек  әлемдік сауда нарығындағы дүрбелең биыл да жалғасын таппақ.