Трамп: Техалпауыттар электр қуатын өздері өндіреді

Дональд Трамп АҚШ-тағы ірі технологиялық компанияларға деректер орталықтары үшін электр энергиясын өздері өндіруді міндеттейтін талап қойылғанын мәлімдеді.

Бұл шешім жасанды интеллект пен клауд-сервистердің қарқынды дамуына байланысты электр желілеріне түсетін ауыр жүктемені азайтуды көздейді. Президенттің айтуынша, қазіргі энергетикалық инфрақұрылым мұндай көлемдегі тұтынуға дайын емес. Ал жаңа талап қарапайым тұтынушылар үшін электр тарифтерінің қымбаттауына жол бермеуі тиіс. Бұл бастама Конгрестегі Президент жолдауы барысында жарияланды. Рекордтық 107 минутқа созылған баяндамада Трамп соңғы бір жылда елде «ғасырлық бетбұрыс» болғанын айтып, экономиканың қалпына келе бастағанын алға тартты.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Тарифтердің арқасында біз жүздеген млрд долларды ел пайдасына жаратып, экономика мен ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан тиімді келісімдерге қол жеткіздік. Ондаған жыл бойы бізді шығынға батырған мемлекеттер енді өз үлесін төлеп отыр. Нәтижесінде инфляция тежеліп, экономика тың қарқын алды. Жақында қабылданған сот шешіміне қарамастан, бұл тетіктер өзге заңды жолдар арқылы сақталады. Конгресстің араласуы қажет емес. Алдағы уақытта шетелдер төлейтін тарифтер қазіргі табыс салығының орнын басып, америкалықтардың мойнындағы қаржылық салмақты жеңілдетеді деп сенемін.

Сондай-ақ Ақ үй басшысы 2026 жылғы Конгресстегі сайлау қарсаңында көші-қон мәселесін қайта алға тартып, демократтарды шекараны «қайта ашуға дайын» деп айыптады. Оған қоса президент Иран тақырыбында сирек кездесетін қатаң мәлімдеме жасап, Тегеранның ядролық бағдарламаға қайта оралуына жол бермейтінін айтты. Дегенмен ол дипломатиялық келіссөздерге басымдық беретінін де атап өтті. Бұдан бөлек конгресс ғимаратына елге еңбегі сіңген азаматтар арнайы шақырылып, құрмет көрсетілді.