Әлемде тозығы жеткен үйлер өзекті мәселеге айналған
Әлемнің көптеген елінде тозығы жеткен тұрғын үйлер өзекті мәселеге айналды.
БҰҰ мәліметінше, бүгінде әлемде миллиардтан астам адам сапасы төмен немесе қауіпсіздігі күмәнді баспаналарда өмір сүріп жатыр. Ескі ғимараттардың тозуы мен сейсмикалық талаптарға сай келмеуі кей кездері қайғылы жағдайларға әкелуде. Мұндай тұрғын үйлердің опырылып құлауынан жыл сайын мыңдаған адам көз жұмып жатады. Әлем елдері апатты үйлер мәселесін қалай шешіп жатыр?
Түркия жері тарихи ғимараттарға толы. Әрі олардың дені сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Елде «қалаларды жаңғырту» бағдарламасы бар. Оның аясында көне нысандар жөндеуден өткізіліп отырады. Кейбірі қайта салынады. Елде шамамен 6 миллионға жуық тұрғын үй сейсмикалық тұрғыдан қауіпті деп саналады. 2023 жылғы жойқын жер сілкінісінен кейін 2 миллионнан астам ғимарат жарамсыз деп танылды. Апаттық жағдайдағы үйді жөндеу немесе қайта салу бойынша қаржының бір бөлігі үкімет, қалғанын үй иесі төлейді. Оларға жеңілдетілген несие қарастырылған.
Қауіпсіз баспана дамыған елдер үшін де өзекті мәселе. АҚШ-та тозығы жеткен тұрғын үйлер саны аз емес. Сарапшылардың дерегінше, елде олардың шамамен үштен бірі 50 жылдан аса уақыт бұрын тұрғызылған. Ескі ғимараттардың техникалық жағдайы қауіпсіздік талаптарына әрдайым сай бола бермейді. 2021 жылы Майами қаласында көпқабатты тұрғын үйдің опырылуы салдарынан жүздеген адам қаза тапқан еді. Осы оқиғадан кейін елде оларды тексеру күшейтілді. Билік қауіпті үйлерді кезең-кезеңімен жаңарту және ғимараттардың қауіпсіздігін арттыру шараларын қолға алды.
Жапония әлемдегі сейсмикалық қауіп ең жоғары аймақта орналасқан. Жыл сайын бұл елде шамамен 1500 жер сілкінісі тіркеледі. Тұрғындар әр бес минут сайын дүмпуді сезеді. Сондықтан онда апатты үйлердің алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қауіпсіздік стандарттарына сай келмейтін ескі ғимараттар жаңартылып отырады. Мемлекет тұрғын үйлерді күшейтуге және қайта жөндеуге қаржылай қолдау көрсетеді. Жаңа үйлердің басым бөлігі жер сілкінісіне төзімді технологиямен салынады. Биік ғимараттарда жер сілкінісіне қарсы серіппелі темір қондырғылар орнатылады. Олар тербеліс кезінде қозғалып, үйді құлаудан және қираудан сақтайды.
Динара Қуандыққызы