Ресейдің IT саласында бәсеке күшейді

Ресейдің IT-нарығында жұмыс орындары үшін бәсекелестік күшейді.

Бос орындар саны азайып, тұрғындар тарапынан ұсыныс артып келеді. Рекрутингтік платформалардың мәліметтерінше, IT-маманын іздеу туралы хабарландырулар саны 20%-ға дейін қысқарған. Бұл шамамен жүз мыңнан астам бос жұмыс орны деген сөз. Ал бұл алаңдарда орналастырылған түйіндемелер саны ұлғайып жатыр. 2022 жылдан бері алғаш рет нарықта кадр тапшылығы емес, шамадан тыс ұсыныс байқалады. Сұраныс тек сирек кездесетін мамандық иелеріне жоғары. 

Әділхан Мырзашев, IT саласы бойынша сарапшы:

- Қазір үлкен деректермен жұмыс істей алатын қызметкерлер аса қажет. Содан соң киберқауіпсіздік мамандары мен бизнес үшін инфрақұрылымды оңтайландыруға көмектесетін қызметкерлерге сұраныс жоғары. 

Саланың түрленуіне жасанды интеллект технологияларының дамуы мен автоматтандыру әсер етіп отыр. Бірақ сарапшылар сұраныс пен ұсыныс арасындағы алшақтық алдағы жылы жойылмайтынын ескертеді.