Әлемде IT саласы қарқынды дамып жатыр

Әлемдегі мыңнан аса техноалып арасында жүргізілген сауалнама бойынша 2030 жылға қарай ІТ-мамандар саны екі есе артады.

Ал жасанды интеллект саласында сұраныс 83%-ға өседі. Зерттеулерге сәйкес, болашақта 82 миллион адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бірақ жасанды интеллектінің ырқына көнбейтін мамандықтар да бар. Жаһанда ІТ нарығы қалай өзгеріп жатыр?

Қазір әлемде IT табысы жоғары, сұранысы көп сала саналады. Бұл мамандық иелерінің басым бөлігі АҚШ-та. Әсіресе жасанды интеллект, машиналық оқыту, киберқауіпсіздік және деректер жүйесі бойынша мамандарға сұраныс өте жоғары. Орташа жалақы жылына 140 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Бірі технологиялық хабтарда қызмет етсе, енді бірі үйден шықпай жұмыс істеуді жөн көреді. Бірақ нарықтағы жоғары бәсеке өсімді айтарлықтай баяулатқан. Салдарынан саладағы жұмыссыздық деңгейі 6%-ға өскен. Wall Street Journal басылымының сарапшылары АҚШ-тағы ІТ нарығы енді сапаға көп көңіл бөледі деп болжап отыр. Бұл елдегі автоматтандыруды күшейтіп, мамандардың тұрақты дамуына жол ашады. 

ЦИТАТА

Саадия Захиди, Дүниежүзілік экономикалық форумның басқарушы директоры

Еңбек нарығы елдер арасындағы бәсекелестіктің әсерінен өзгереді. Мемлекеттер бизнесті аз реттейтін болады. Автоматтандырудың нәтижесінде адам орнын жасанды интеллект жылдам алмастырады. Жаңа мамандықтар пайда болуы мүмкін. Бірақ ол тез өзгеріп, жойылып отырады. Бұрын технологиялық даму кезінде де осылай болған. Уақыт өте келе қысқартулар теңсіздікті және саяси шиеленісті күшейтуі мүмкін.

Озық технологияларды енгізу бойынша Қытай мен Солтүстік Корея да көш басында. Бұл елдер әлемнің ең білікті айти мамандарының отаны ретінде танылған. Солтүстік Кореяда олардың жалақысы ел бюджетіне түсіп отырады. БҰҰ-ның өкілдері елге осылайша жыл сайын 300 миллион долларға дейін кіріс келеді деп болжайды. Бірақ сарапшылар бұл технологиялық дамудың көрсеткіші емес, қауіп төндіретін көлеңкелі нарық деп алаңдайды. 

ЦИТАТА Карин Кимбро, Linkedin бас экономисі

Әлемдік еңбек нарығының басым бөлігі жылдар бойы тоқырап тұрды. Ал қазір жасанды интеллект өмірімізге етене еніп жатыр. Жаңа мамандықтар пайда болып, біліктілік пен өнімділік артты. Адамдар өзгерістен жасқанбай, технологияның тұрақтылығын дамытуға және жарқын болашаққа инвестиция салу қажет.

Ал Еуропада ChatGPT іске қосылғаннан бері түлектер мен тағылымдамадан өтушілер үшін бос жұмыс орындары 40 пайызға қысқарған. Осылайша кәрі құрлықта тәжірибесі жоқ мамандарға жұмыс табу қиынға соғып отыр. Десе де, жер жаһан түгел жасанды интеллектке бет бұра қойған жоқ. Бұл тұста сарапшылар кез келген жаңашылдықты ел экономикасына оң әсер ететіндей қолдана білу керек екенін алға тартады. Түптеп келгенде, технология мен адам еңбегінің ынтымақтастығы, әрі оны тең пайдалану маңызды.

Нұрбике Жігер