Еуропаны лаңкестік қаупі алаңдатып отыр
Еуропа терроризмге қарсы күресті күшейтіп жатыр. Дәл қазір ешкім жағадан алып, оқ атылмағанмен алаңдаушылық басым.
Арнайы қызметтер әсіресе радикалды қөзқарастан сескенеді. Алаңдауға тағы бір себеп – айналадағы қақтығыстар. Өйткені өзге елдерде болып жатқан соғыс та өз салқынын тигізбей қоймайды.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- 2023 жылдың күзінде дәл осы жерде, Еуропа астанасының қақ ортасында, қарулы ер адам өтіп бара жатқан жүргіншілерге оқ жаудырды. Швецияның екі азаматы қаза тапты. Полиция шабуыл жасаған кісі радикал екен. Келесі күні полиция оны тауып, көзін жойды. Бұл оқиға ЕуроОдақ институттары орналасқан, қауіпсіздікке қатты мән беретін қаланың өзінде лаңкестің құрбаны болып кету қаупі жоғары екенін көрсетеді.
Europol – халықаралық қылмыс пен терроризмге қарсы күресте ЕуроОдақ елдерінің полициясы мен арнайы қызметтері арасындағы ынтымақтастықты үйлестіретін агенттік. Оның ресми есебіне сәйкес, 2024 жылы одаққа мүше 14 елде 58 террористік шабуыл тіркелген. Оның 34-і жүзеге асса, 5-еуі сәтсіз аяқталған. Тағы 19-ының алды алынған. Бұл көрсеткіш 2010 жылмен салыстырғанда едәуір төмен.
Терроризм мен экстремизм ЕуроОдақ пен оның азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін көпқырлы мәселе болып қала береді. Сын-қатерлер уақыт өткен сайын күрделенуде. Бұл ЕуроОдақ аумағында лаңкестіктің жүзеге асу ықтималдығы жоғары екенін көрсетеді.
Europol атқарушы директоры Кэтрин де Болле
Көші-қон мен терроризм арасындағы байланыс күн тәртібіндегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Сарапшылардың айтуынша, Еуропадағы лаңкестіктің себеп-салдарын босқындардың көбеюімен түсіндіруге болады. Кейінгі 10 жылда Еуропалық Одақ аумағында жасалған 43 лаңкестік әрекет көші-қонмен байланысты екені анықталған. Алайда олардың басым бөлігін мигранттар емес Еуроодақ азаматтары жасап, босқындарды құйтырқы істеріне пайдаланған.
Томас Ренар, Халықаралық терроризмге қарсы орталық директоры:
- Еуропадағы терроризм көп жағдайда сырттан келген емес, ішкі мәселе. 200-ден астам талдау нәтижесі көрсеткендей, мигранттар лаңкестікті жасаушыдан көрі оның құрбанына айналуы жиі кездеседі.
Иран төңірегіндегі шиеленіс те тәуекелдерді арттырып отыр. Басқа елдерде Тегеранның мүддесі үшін жұмыс істейтін құрылымдар бар. АҚШ пен Израиль тарапынан Иранға қарсы соққы жасалған жағдайда, олар лаңкестік әрекеттерін жиілетуі мүмкін. Мұндай жағдайда батыс елдеріне де қауіп күшейеді.
Георги Готев, Eualive.net жалпыеуропалық медиа-желісінің басшысы:
- Олармен кім күресуге қауқарлы? Еуроодақ па, әлде ұлттық үкіметтер ме? Менің оларға күмәнім бар. Франция, Бельгия, Германия секілді шабуылдарға жиі ұшыраған елдердің билігі Еуроодақ деңгейіндегі құрылымдарға қарағанда тиімдірек әрекет ете алады.
Қазір бірқатар елде лаңкестік қауіп деңгейі «елеулі» не «жоғары» деп бағаланып отыр. Оларда бұқаралық бақылау күшейіп, арнайы қызметтер онлайн-контентті мұқият қадағалауда. Алайда кей тұрғындар шаһарларда өздерін толық қауіпсіз сезінбейтіндерін айтады.
Еуропада қазір ірі лаңкестік шабуылдар болуы мүмкін екенін көрсететіндей ешқандай нышан байқалмайды. Дегенмен деректер қауіптің толық жойылмағанын көрсетеді. Қазіргі мақсат – радикалды көзқарастардың таралуына тосқауыл қою. Сондықтан күрес лаңкестік топтар ғана емес, шекараға бағынбайтын, жылдам тарайтын идеологиямен де жүргізіліп жатыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы