Бозжыра шатқалы шетелдік басылымда жарық көрді
Британдық The Telegraph басылымы Маңғыстаудағы көрікті жерді «Әркім өмірінде бір рет болса да баруы керек топ 10 шөл» тізіміне енгізді.
Басылым Үстірт қыратындағы Бозжыраны бірегей геологиялық мекен деп сипаттайды. Бұл таулы аймаққа тек жол талғамайтын көлікпен жетуге болады.
Шетелдік басылым жариялаған мақалада саяхатшыларға әлемдегі 10 шөлге барып, ғажайып көрінісін тамашалауға кеңес берілген. Тізімде Сахара, Антарктида, Гоби секілді дүниежүзіне әйгілі шөлейтті орындар бар. Енді олардың қатарына Қазақстандағы Бозжыра шатқалы қосылды. Материалда Маңғыстаудағы туристік инфрақұрылымның дамуы жөнінде танымдық мәлімет жазылған.
Ерсін Ибрашеев, облыстық Туризм басқармасының басшысы:
- Бұл басылымды әлем бойынша 304 млн адам оқиды. Бозжыра туралы мақаланың жарық көруі туристердің қатары артуына ықпал етері сөзсіз. Бұған дейін испандық журналистер келіп, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени нысандарымен танысты. Маңғыстаудың туристік әлеуетін дамытуды көздейтін баспасөз турлары биыл да өткізіледі.
Ресми деректерге сүйенсек, былтыр өңірге 500 мың турист келген. Саяхатшыларға көрсетілген қызмет түрлерінің жалпы құны 17 млрд теңгеге бағаланып отыр. 2025 жылы туризм бағытында 4 инвестициялық жоба жүзеге асып, жүзден астам жұмыс орны құрылды. Мәселен, қазір Бозжыра аумағында бірнеше визит орталық, қонақ үй салынып жатыр.
Туристерді қала көрінісі немесе заманауи қонақүй емес, тұмса табиғат қызықтырады. Тарихи орындарға зиярат жасап, көне жәдігерлерді өз көзімен көргісі келеді. Айта кетсек, Маңғыстауда орналасқан 5 жерасты мешіті ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуі мүмкін. Оларға халықаралық ұйым сарапшылары арнайы келіп, құжаттарымен танысты. Зерттеулер нәтижесі биыл жарияланады.
Балтабай Балапан, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мекемесінің директоры:
- ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұрасына ұсыну жөніндегі жұмыстардың барысында ең бірінші табиғи ескерткіштің буферлік аймағын дайындау керек болды. Буферлік аймағы дегеніміз мысалы, Қараман ескерткішіне, тарихи-мәдени жерасты мешітіне, сол ескертіштің кейпін бұзатын құрылыс нысандары не болмаса тұрмыстық қатты қалдықтар, былай айтқанда, қоқыстар жатпауы керек. Ақпараттық тақталар қойылып, барлық деңгейдегі жұмыстар жүргізілді.
Ұлттық құрылтайда Мемлекеттік басшысы батыс өңірлердегі жиырмадан астам жерасты мешітті әлемге насихаттауды тапсырды. Тізімде Бекет ата, Қараман ата, Шопан ата мен Сұлтан үпі және Шақпақ ата мешіттері де бар. Жерасты мінәжат орындары өте жақсы күйде сақталған. Оларға зияраттаушылар қатары жыл сайын артып келеді. Биыл өңірге 560 мың турист келеді деп жоспарланған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев