Иранға әскери қысым күшейді

«АҚШ-Иран арасындағы келіссөздерде айтарлықтай алға ілгерілеу бар».

Тараптардың Женевадағы кездесуін Оман сыртқы істер министрі осылай деп бағалады.

Вашингтон мен Тегеран өкілдері бұл жолы бетпе-бет жүздескен жоқ. Десе де ресми Маскаттың арағайын болуымен маңызды қадамдар жасалды. Мәліметке сәйкес, Иран ядролық бағдарламасын дамытуын уақытша тоқтатады. Уағдаластықты одан әрі іске асыру үшін келіссөзшілер келер аптада қайта кездеседі. Сол жиында келісімнің техникалық негіздемесі әзірленуге тиіс. Бұл жайт араб елдерін аздап қуантқанмен, алаңдаушылық бар. Өйткені Парсы шығанағын мұздай қаруланған кемелер қоршап тұр.

Парсы шығанағындағы әскери текетірес қаупі сейілер емес. Алып айдын аумағында мұздай қаруланған кемелер көбейді. Вашингтон да, Тегеран да теңіз флотын шоғырландырып жатыр. Халықаралық қатынастар саласының мамандары мұны сенім дағдарысы немесе арандату әрекеті деп атайды. Яғни тараптар дипломатиялық диалогқа қарамастан, бір-біріне әскери сес көрсетіп отыр. Мұндай жағдайда кез келген оқыс жайт қақтығысқа ұласуы мүмкін.

БАӘ, АБУ ДАБИ

Яс Сейдан, қауіпсіздік саласы бойынша сарапшы:

- Кейінгі 20-30 жылда Таяу Шығыс үнемі түрлі қақтығыстардың ортасында болды. Сондықтан өңірде теңгерімді саясат пен тұрақтылықты сақтау аса маңызды. Бұл аймақ қауіпсіздігінің негізі. Араб әмірліктері, Оман, Қатар және Мысыр сынды мемлекеттер осыған күш салып жатыр.

Әдетте Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздер жабық форматта өтеді. Сол себепті нақты мәлімет көп жағдайда жария етілмейді. Кейінгі айларда екіжақты диалогтың жанданғаны байқалады. Женевада өткен бірнеше кездесу шиеленісті бәсеңдетуге мүмкіндік бергендей. Сарапшылардың айтуынша, экономикалық қысым немесе әскери сценарийдің салдары ауыр. Оның үстіне Ирандағы ішкі әлеуметтік толқулар да басылған жоқ. Ел ішінде билік пен бұқара арасындағы ахуал күрделене түскен.

БАӘ, ДУБАЙ

Хасан Рашид, саяси шолушы:

- Иран ұзақ уақыттан бері санкциялар қысымында өмір сүріп келеді. Ел ішінде қордаланған мәселе аз емес. Соған қарамастан қаржылық мүмкіндігі жоғары топ бар. Қазір олар капиталын сақтау әрі көбейту жолдарын белсенді іздестіріп жатыр. Белгілі бір деңгейде бизнесінің бір бөлігін басқа тұрақты аймақтарға көшіруге дайын екенін байқаймыз. 

Демек, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік мәселесі пышақтың жүзіндей өткір тұр. Өңір елдері АҚШ-тың әскери операциясын болдырмауға бекінді. Дипломатиялық арналар толықтай іске қосылған. Айта кетейік, бұл жолғы келіссөздің күн тәртібі Иранның ядролық бағдарламасынан бөлек прокси күштермен қатынасы, мұнай-газ қоры және сирек минералдарды игеру сынды мәселелермен байланысқан.     

Рауан Мыңбай