АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғыс ашты

Иран мен Израиль арасында зымыран шабуылының үшінші толқыны басталды.

Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху, бұл шешімнің басты мақсаты Иранның ядролық мүмкіндігін жою екенін атап өтті. Өз кезегінде Иран президенті Масуд Пезешкиан, Израильді халықаралық құқықты бұзды деп айыптап отыр. 

Бүгін АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасады. Жергілікті БАҚ бірнеше қалада жарылыс болғанын хабарлады. Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац шабуыл «мемлекетке төнген қауіптерді жою» мақсатында жасалғанын мәлімдеді. Ал Минаб қаласындағы қыздарға арналған бастауыш мектепке зымыран түсіп, салдарынан 57 оқушы қаза тапқан. Тегеран кез келген әскери шабуылға қарсы қорғаныс шараларын қолданатынын жеткізді.

АҚШ пен Израиль әрекетінен кейін Иран жауап ретінде қарымта соққы жасады. Ислам революциясы сақшылар корпусы АҚШ әскери базаларын зымыранмен атқылағанын мәлімдеді. Al Jazeera дерегінше, нысанаға Қатардағы Әл-Адид әуебазасы, Кувейттегі Ас-Салем, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Әл-Зафра және Бахрейндегі АҚШ-тың Бесінші базасы алынған. Reuters мәліметі бойынша Абу-Даби қаласындағы жарылыстан бір адам қаза тапқан. Иран Қарулы күштері бас штабы Израильге көмектескен кез келген елдің әскери нысандары соққы нысанасына айналатынын ескертті.

Жағдай ушыға түскен соң Израиль армиясының 70 мың резервисті шақыратыны мәлім болды. Ресми деректерге сәйкес, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операцияны төрт күн ішінде аяқтауды жоспарлап отыр. Сарапшылардың пікірінше, екі ел арасындағы шиеленістің күшеюі жаһандық тұрақтылыққа айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Егер Ормуз бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасына қауіп төнсе, мұнай мен газ бағасы өсіп, теңіз тасымалы мен халықаралық саудада іркіліс туындайды. АҚШ пен Израиль одақтастарының әскери күштерін арттыруы өңірде қақтығыстар қаупін одан әрі күшейтеді.