Таяу Шығысқа әуе рейстері тоқтатылды

Қазақстандық компаниялар Таяу Шығысқа әуе рейстерін тоқтатты. Азаматтық авиация комитеті қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында осындай шешім қабылдады.

Атап айтқанда, Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдерінің әуе кеңістігінде  және оған жақын аумақта ұшулар арнайы өкім шыққанға дейін толық тоқтатылды. Аталған нұсқау қазақстандық әуе кемелерін пайдаланушылар орындайтын барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушылар, жүк және техникалық рейстерге қолданылады. Сонымен қатар бүгін отандық әуе компанияларының ұшу кестесіне өзгерістер енгізілді. Қазір әуежайларда жолаушыларды кестедегі барлық өзгерістер туралы уақтылы хабардар ету үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жолаушыларға көмек көрсету мақсатында «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі»  базасында тәулік бойы жұмыс істейтін колл-орталық іске қосылды.