Оман жағалауында мұнай танкері шабуылға ұшырады

Оман жағалауында Палау туы ілінген мұнай танкеріне шабуыл жасалды. Бұл туралы елдің теңіз қауіпсіздігі орталығы мәлімдеді.

Оқиға Ормуз бұғазының маңында орналасқан Мусандам аралынан 9 шақырым жерде болған. Рейтер агенттігі 4 адамның жарақат алғанын хабарлайды. Экипаж эвакуацияланды. Шабуылдың мән--жайы анықталып жатыр. Бұған дейін Иран Ормуз бұғазын жауып тастаған еді. Шамамен бір тәулік уақыттан кейін оның қайта ашылғаны белгілі болды. Бұл жайында Financial Times басылымы жазды. Алайда Иран америкалық әскери кемелерді нысана ретінде қарастыратыны айтылған. Ормуз бұғазы – әлемдік энергетикалық қауіпсіздіктің күретамыры. Дүниежүзі тұтынатын мұнайдың шамамен 20%-ы және сұйытылған газдың 30%-ы осы су жолы арқылы тасымалданады. Күн сайын бұл жерден 21 млн баррельге дейін мұнай өтеді.