Араб елдеріндегі ахуал күрделеніп барады
Иран аймақтағы АҚШ әуе базаларына, зымыран және дрон шабуылын үдетті.
Тұтас Таяу Шығыстың тұрақтылығы тең-селіп, кей нысандар лаулаған отқа оранды. Ормуз бұғазында кеме қатынасы шектелді. Күніге мыңдаған ұшақ аттанатын Дубай, Абу Даби және Доханың әуе кеңістігі жабылды.
Араб елдеріндегі тұрақтылық бір ғана сәтте шайқалып кетті. Теңіз жағалауында қаннен қаперсіз жүрген жұрт кейінгі тәуліктен бері аспаннан бірнеше рет от жауғанын көрді. Тұтастай аймақ АҚШ-Израиль-Иран қақтығысының кесірінен күрделі жағдайға душар болды.
Әмірліктің қорғаныс жүйесі Иран шабуылы басталғалы 165 баллистикалық зымыран мен 541 дронды жойды. Қалдықтар Абу Даби мен Дубайдың тұрғын аудардарына құлады.
Күні бұрын зымыран бөлшегі Дубайдың туристік ауданына да түсті. Артынша от тұтанып, өрт шықты. Алаңсыз жүрген саяхатшылар абдырап, жасырынатын жер іздеп шарқ ұрды.
Тіпті Абу Дабиде кісі өлімі тіркелді. 3 адам мерт болып, 58-і жараланды. Билік азаматтарды қаңғыған оқ пен оттан мейлінше сақтау үшін әуе қорғанысы жүйесін толық қуатта іске қосты.
Елдің төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі азаматтарға дабыл хабарламасын жолдап жатыр. Онда билік шабуыл үдеген сәттерде көшеге шықпай, бункер іспетті ғимараттарда жасырына тұру керегін ескертті. Бұл аймақтан қазір ешбір бағытқа рейс орындалып жатқан жоқ. Оқу орындары қашықтан білім беру әдісіне көшті. Ірі теңіз порттары мен әуежайлар Иран шабуылына ұшырап, уақытша жұмысын тоқтатты.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрлігі:
- Шабуылды тойтару операцияларының нәтижесінде зымыран бөлшектері елдің бірқатар аймағына түсіп, кейбірі азаматтық нысандарға аздаған материалдық залал келтірді. Министрлік бұл шабуылды қатаң түрде айыптайды. Әрі бұл жайтты ұлттық егемендік пен халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы деп бағалайды.
Бір тәуірі әзірге жойқын жарылыс болмады. Десе де жұрттың бойын әлі үрей билеп тұр. Туристердің көбі елге қайтуға асық. Өйткені мыңдаған жолаушы артынып-тартынған күйі қонақүй іздеп, шарасыз күй кешіп жүр. Солардың ішінде қазақстандықтар да бар.
Осы сәтте олармен елшілік және консулдық өкілдері тұрақты байланыста. Алдын ала мәлімет бойынша алдағы бірер күн бойы араб елдерінің әуе кеңістігі жабық болады.
Авторы: Рауан Мыңбай