Трамп: Әскери операция 4 аптаға созылуы мүмкін

Ирандағы соғыс 4 аптаға созылуы мүмкін.

Дональд Трамп Британияның ''Дейли Мейл'' басылымына берген сұхбатында осындай болжам айтты. АҚШ Президенті қарулы қақтығыстың мұнша ұзақ болуына Иранның ірі, қуатты мемлекет екендігі себеп деп көрсетті. Бұдан бөлек Ақ үй басшысы әлеуметтік желіде екінші үндеуін жариялады. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Дональд Трамп жаңа біразда Ақ үйге оралды. Осыған дейін Флорида штатындағы Мар-а-Лаго резиденциясында болып, міне енді, екінші рет бейнеүндеу жариялап отыр. 6 минуттық видеосын “Дүлей қаһар” деп аталатын әскери операцияның соңғы бір жарым тәуліктегі жетістіктерімен бастады. 

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

- Кейінгі 36 сағат ішінде Иран аумағындағы жүздеген нысанға соққы жасалды, оның ішінде Революциялық сақшылар корпусының ғимараттары мен Иранның әуе қорғаныс жүйелері бар. Аз ғана уақыт бұрын тоғыз кеме мен олардың теңіздегі нысаны жойылғаны хабарланды – барлығы бірнеше минуттың ішінде болды. Әскери қолбасшылықтың бүкіл құрамы жойылды. Олардың көпшілігі өмірін сақтап қалу үшін берілуге дайын екенін білдіріп, иммунитет сұрап отыр. Мыңдаған адам байланысқа шығып жатыр. Қазіргі уақытта әскери қимылдар толық қарқынмен жалғасуда және біз алға қойған барлық мақсат орындалғанға дейін тоқтамайды..

Аталған үндеуде АҚШ Президенті 3 америкалық сарбаздың опат болғанын да айтты. NBC арнасы бұл үш сарбаздың Кувейттегі америкалық әскери базада қаза тапқанын хабарлап, тағы 5 адамның жараланғанын жариялады. Сөзінің соңын Дональд Трамп тағы да Иран халқы мен қарулы күштеріне арнады.

Дональд Трамп, АҚШ Президенті:

«Мен Иранның Революциялық сақшыларын, әскери құрылымдары мен полициясын қаруды тастап, толық иммунитет қабылдауға тағы да шақырамын. Әйтпесе оларды сөзсіз қиын жағдай күтіп тұр. Еркіндікті аңсаған ирандықтарға үндеу жасаймын: осы сәтті пайдаланып, батылдық танытып, елдеріңізді өз қолдарыңызға алыңыздар. Америка сіздермен бірге. Мен берген уәдемді орындадым. Ендігі қадам өз еріктеріңізде. Біз қолдауға дайынбыз».

- Бұдан бөлек Ақ үй АҚШ президентінің Иран билігімен келіссөзге дайын екендігін де хабарлады. Араағайын болып жүрген Оман өкілдері де бітімге келуге әлі де үміт бар деді. Десе де, Дональд Трамптың өзі Тегеранмен диалогтың енді қалай өрбитінін ашып айтқан жоқ.

Ердана Ержанұлы, Эндрю Фан