Парсы шығанағындағы елдер Иранға ескерту жасады
Парсы шығанағы елдері де Иранға шабуылды "тоқтат" деп отыр.
Әйтпесе қарымта жауап беруге дайын. Бұл туралы Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің онлайн жиынында айтылды. Оған Катар, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Оман және Бахрейн мүше. Алты елдің Сыртқы істер министрлері өз аумақтарын және азаматтарын қорғауға құқылы екенін жеткізді. Сондай-ақ Тегеранның әрекеттері Таяу Шығыс қана емес, бүкіл әлемнің тұрақтылығын шайқалтуы мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Себебі мұнай мен газ тасымалы дәл осы өңір арқылы өтеді. Сондықтан Иран шабуылын дереу тоқтатпаса, онда күш көрсетуге тура келеді деп ашық ескертті.