АҚШ: Ирандағы соғыс Ирактағыдай болмайды
Ирандағы соғысты бастаған АҚШ емес, бірақ аяқтайтын АҚШ болады. Бүгін БАҚ алдында брифинг өткізген Соғыс департаменті хатшысы Пит Хэгсет осылай деп мәлімдеді.
Пентагон басшысы «Дүлей қаһар» операциясын тарихтағы әуеден жасалған ең жойқын, ең дәл, әрі ең кешенді әскери операция деп бағалады. «Кейінгі 47 жыл бойы Ираннан төнген қауіпті тілге тиек етіп, Тегеран ашық соғыс жарияламаса да, Америкаға қауіп төндірумен болды», - деді. Сондай-ақ ол Иранның демеу-шілігімен болған лаңкестік шабуылдарды тізіп шығып, мұндай елге, ядролық қару иеленуге жол бермейміз деді.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- «Ирандағы соғыс Ирактағыдай болмайды. Созылып, аяқсыз қалмайды» деп, алаңдаған АҚШ азаматттарына үн қатты Пентагон басшысы. Бірер сәт бұрын АҚШ-тың Соғыс департаменті хатшысы Пит Хэгсет пен Генерал Дэн Кейн БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізіп, соңғы екі тәуліктегі әскери операцияның жай жапсарын 40 минутта баяндап шықты.
Пит Хегсет, АҚШ-тың Соғыс департаменті хатшысы:
- Бұл – «режимді ауыстыру» соғысы емес. Алайда режим өзгерді. Сондай-ақ бұл өзгеріс әлем үшін пайдалы болды. «Дүлей қаһар» операциясының мақсаты айқын әрі нақты: Иранның шабуылдық зымырандарын жою, зымыран өндіру қуаттарын күйрету, әскери-теңіз күштері мен өзге де қауіпсіздік инфрақұрылымын істен шығару. Осылайша олардың ядролық қаруға қол жеткізуіне біржола тосқауыл қоямыз. Бұл – Ирак емес. Бұл – шексіз соғыс емес. Бұны мен екеуін де бастан өткерген адам ретінде айтып отырмын.
Генерал Дэн Кейн болса, Алғашқы қадамды АҚШ-тың Киберқолбасшылығы мен Ғарыш қолбасшылығы жасағанын айтты. Олар кинетикалық емес тәсілдерді қатар қолдана отырып, Иранның бақылау, байланыс орнату және жауап беру мүмкіндіктерін бұзды, әлсіретті әрі уақытша «соқыр» күйге түсірген.
Дэн Кейн, АҚШ әуе күштерінің генералы:
- Ең алдымен Тегеран уақытымен таңғы 09:45-те Орталық қолбасшылық аймағында ауқымды операция басталды. Құрлық пен теңізден 100-ден астам әуе техникасы: жойғыштар, бомбалаушылар, барлау және электрондық күрес ұшақтары, сондай-ақ дрондар бір мезетте іске қосылды. Бұл Израиль Қорғаныс күштері бастаған, АҚШ барлау құрылымдары қолдаған күндізгі соққы болды. Алғашқы соққыларды АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Tомагавк зымырандары жасады. Операция Иранның оңтүстік бағытында жүргізіліп, алғашқы 24 сағатта мыңнан астам нысана жойылды.
Сондай-ақ Пит Хэгсет, алдағы негізгі мақсаттардың бірі деп Иранның оңтүстік бағытындағы әуе кеңістігін бақылауға алып, қауіп төндіретін нысандарды түбірімен жоюды атап өтті. Жебені емес, садақты ұстаған мергенді нысанаға аламыз деп теңеу жасады. Алайда ұрыс алаңының кең әрі күрделі екендігін мойындап, бұны бір күнде аяқталатын операция емес ашық бағалады. Сонымен қатар Пентагон өкілдері қаза тапқан АҚШ сарбаздарының саны әлі де артуы мүмкін деді.