Д. Трамптың «соғыс өкілеттігі» шектелуі мүмкін 

Дональд Трамптың соғыс жүргізу өкілеті шектелуі мүмкін. Себебі АҚШ Конгресінде Иранға қарсы әрекет бойынша алаңдаушылық күшейді. 

Сенаттағы демократтар Ақ үй әкімшілігінің бұл соғыста нақты мақсаты жоқ екенін айтып, қақтығыс ұзақ созылып, бақылаудан шығып кетуі мүмкін деп ескертті. Сенаторлар жабық брифингтен кейін қазіргі операцияның салдары Ливиядағы әскери науқаннан да ауыр болуы ықтимал екенін айтты. Олар жағдайды Ирактағы соғыстың алғашқы кезеңімен салыстырып, кездесуде әскери тактика баяндалғанымен Иранға қатысты ұзақмерзімді саяси мақсаттар түсіндірілмегенін атап өтті. Тіпті АҚШ әскері Иран аумағындағы құрлықтық операцияға араласуға мәжбүр болуы мүмкін деп қауіптенетіндерін жеткізді. 

Чак Шумер, АҚШ Сенатындағы демократтар көшбасшысы:

- Берілген жауаптар көңіл көншітпейді. Әкімшіліктің мақсаттары үнемі өзгеріп тұрады. Нақты жоспар болмаған жағдайда әскери операция біртіндеп ұлғайып кете ме деп алаңдаймын. Мұның соңы ұзаққа созылған соғысқа ұласуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселені қоғамда ашық талқылау керек.

Ричард Блюменталь, АҚШ Сенаторы:

- Осы брифингтен кейін АҚШ әскерінің құрлықтағы операцияға тартылуы мүмкін деген алаңдаушылығым күшейді. Әкімшіліктің нақты ұстанымдары әлі де түсініксіз. Бұл туралы тек Конгреске ғана емес, бүкіл америкалық қоғамға ашық ақпарат берілуі тиіс.

Айта кетейік, Сенат сәрсенбі күні, ал Өкілдер палатасы бейсенбіде президенттің Конгрестің рұқсатынсыз Иранға қарсы әскери әрекеттерін шектеуге бағытталған қарарды дауысқа салады. Егер құжат қабылданса, Ақ үй басшысының Тегеранға қарсы әскери әрекеттерді Конгрестің арнайы рұқсатынсыз жалғастыруы шектеледі. Бұл Дональд Трамптың соғыс жүргізу өкілеттігін саяси әрі заңдық тұрғыда азайтады.