МАГАТЭ: Иранда ядролық қару жоқ, бірақ...

Иранда 11 ядролық бомба жасауға жететін байытылған уран қоры бар.

Бірақ бұл Иранда ядролық қару бар деген сөз емес. Халықаралық Атом энергиясы агенттігінің баcшысы Рафаэль Гросси Иран ядролық қару жасап жатыр дегенді растайтын ешқандай айғақ жоқ жоқ екенін мәлімдеді. Ал АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы дәл осы ядролық қаруға қатысты басталды. Даудың арты ақыры қырғын соғысқа әкелді.

Иранның ядролық бағдарламасы үнемі талқыланып келе жатқан тақырып. АҚШ пен Израиль Иран ядролық қару жасап жатыр деп қауіптеніп, бұл мәселе бірнеше мәрте Біріккен Ұлттар ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінде қаралды. Тегеранның Бушер қаласындағы атом электр станциясы және уран байыту бағдарламасы жиі сынға ұшырап, оған қарсы санкциялар мен бақылау шаралары енгізілді. Алайда сол уақытта Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттік Иран ядролық бағдарламасының әскери мақсатта қолданылмағанын, тек бейбіт бағытта қолданылатынын ресми түрде растады. Енді Рафаэль Гросси Иранның ядролық қару жасап жатқанына еш айғақ жоқ екенін айтқанымен, алаңдаушылығын да білдірді. 

ЦИТАТА:

- Иранның ядролық бомба жасап жатқанына ешбір дәлел жоқ. Бірақ Тегеранның иелігінде қару-жарақ деңгейіне дейін байытылған уранның өте үлкен көлемі жинақталған. Әрі Иран билігінің халықаралық инспекторларға нысандарды толықтай тексеруге рұқсат бермеуі күмән тудырады. Бұл түйткілді мәселелер шешімін таппайынша, Иранның ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатты көздейтініне кепілдік беру қиын.

Рафаэль Гросси, Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы  

Иранның ядролық бағдарламасы неге қауіпті?

"Егер Тегеран ядролық қаруға ие болса, тұтас әлем жойылады". Былтыр Дональд Трамп осылай деп, Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу керек деген еді. Былтыр жазда Израиль Иранның бірқатар нысанына соққы беріп, Фордо мен Натанзда, сондай-ақ Исфахан қаласындағы металлургиялық кәсіпорындар жойылды. 

Франция ядролық қару санын көбейтеді 

Таяу Шығыстағы тартыс қыза түскен осы тұста Франция ядролық қару санын көбейтеміз деп мәлімдеді. Президент Эмманюэль Макрон Еуропа елдерін жаңа стратегиялық қорғаныс жүйесін құруға шақырып, кәрі құрлық өз қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті күшейтуі тиіс екенін айтты.  Қазір Францияда 290 оқтұмсық бар, әлем бойынша төртінші ірі арсенал. Енді 1992 жылдан бері алғаш рет қару санын көбейтуді жоспарлап отыр. 2020 жылы Ұлыбритания Еуроодақ құрамынан шыққаннан кейін Париж одақтағы жалғыз ядролық держава болып қалған еді.

Эммануэль Макрон, Франция Президенті:

- Біздің арсеналымыздағы ядролық оқтұмсықтар санын арттыруға бұйрық бердім. Кез келген алып-қашпа әңгімені тоқтату үшін, бұдан былай  ядролық арсеналымыздың саны туралы мәліметтерді жарияламаймыз. Демек, еркін болу үшін қорқыныш ұялату керек. Ал қорқыныш ұялату үшін қуатты болу қажет. Біздің арсеналымызды ұлғайту осыны дәлелдейді.

Ядролық қару жасауға $100 млрд жұмсалды 

Кейінгі 5 жылда әлем бойынша ядролық қаруға ие 9 ел өзінің арсеналын кеңейту үшін 100 миллиард доллардан астам қаржы жұмсаған. Бұл минутына 190 мың 151 доллар жұмсалады деген сөз. Қыруар қаражаттың басым бөлігі АҚШ-қа тиесілі. Өзінің арсеналын кеңейту үшін бұл ел былтыр 56,8 миллиард доллар жұмсаған. Қытай, Ұлыбританияның шығыны 10 миллиард доллардан асса, Ресей мен Францияныкы 10 миллиардқа жуықтайды. Израиль мен Пәкістан жұмсаған қаражат шамалас, 1 миллиардтан асады. Мұның ізімен Солтүстік Корея да белгілі қаржы бөлген. 

$100, 217, 279, 942 

АҚШ   - $56,8 млрд

ҚЫТАЙ  - $12,5 млрд

ҰЛЫБРИТАНИЯ - $ 10,4 млрд 

РЕСЕЙ - $8,1 млрд  

ФРАНЦИЯ - $6,9 млрд

ҮНДІСТАН - $ 2,6 млрд

ИЗРАИЛЬ - $1,1 млрд

ПӘКІСТАН  - $1,1 млрд

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ - $0,6 млрд

Дереккөз: International Campaign to Abolish Nuclear Weapons 

Бұл елдердің әскери арсеналында 9614 ядролық оқтұмсық бар. Олардың 8009-ы Ресей мен Америка Құрама Штаттары-қа тиесілі. Кейінгі 2 жылда Қытай өз арсеналына 100 ядролық оқтұмсық қосып, жалпы санын 500-ден 600-ге дейін арттырған. Бұл деректерді Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты ұсынды. Үндістан да өндірісті едәуір ұлғайтып, оқтұмсық санын 180-ге жетккізді. Екі еуропалық ядролық держава Франция мен Ұлыбритания ортақ 515 ядролық оқтұмсыққа ие. Солтүстік Кореяны қоспағанда, ядролық қаруы бар елдер 1990-жылдардан бері оларды сынақтан өткізген жоқ. 

РЕСЕЙ - 4,309

АҚШ - 3,700

ҚЫТАЙ - 600

ФРАНЦИЯ - 290

ҰЛЫБРИТАНИЯ - 225

ҮНДІСТАН - 180 

ПӘКІСТАН - 170

ИЗРАИЛЬ - 90

СОЛТҮСТІК КОРЕЯ - 50

Дереккөз: Statista  

Ядролық қарудың зардабы ауыр екенін адамзат жақсы біледі. Десе де, оны өндіру тоқтаған жоқ. Егер жер бетінде ядролық соғыс болса, бір мезетте 360 млн адам ажал құшуы мүмкін. Америкалық ғалымдар осылай деп топшылайды. Қауіптісі ауаға 165 млн тонна радиация тарайды. Жаңа Зеландия мен Австралияда ғана қауіпсіз ел болмақ. Өйткені бұл елдер ядролық қаруы бар елдерден қашық жатыр.