АҚШ пен Израиль Тегеранға соққыны үдетті

Таяу Шығыстағы соғыс алтыншы күн жалғасып жатыр. АҚШ пен Израиль Иран астанасына шабуылды үдетті. Әскери ұшақтар шаһардағы біраз ғимараттарды бомбалап, тас талқан етті. 

Халықаралық қызыл крест өкілдерінің хабарлауынша, 3 500-ден аса тұрғын үй мен азаматтық нысан, 550-ге жуық коммерциялық нысан соққыға ұшыраған. Тағы 14 медициналық мекемеде жарылыс болды. Әзірге зардап шеккендер туралы нақты мәлімет жоқ. RT агенттігі қаладағы жағдай өте күрделі екенін айтады.

Хами Хамеди, Тегерандағы RT бюро басшысы:

- АҚШ пен Израиь Тегеранды бомбылауды жалғастыруда. Бүгін олардың әскери ұшақтары шаһардың шығысын нысанаға алды. Бұған дейін Вашингтон мен Тель-Авив шабуылдар тек әскери нысандарға бағытталып жатыр деп мәлімдеген еді. Алайда көріп тұрғандарыңыздай, олардың ұшақтары соққыны жиілетті. Айналада қираған тұрғын үйлер мен инфрақұрылым көп. Тұрғындар бас сауғалап қашып жатыр.

Ал Иран билігі АҚШ-пен келіссөз жүргізуден бас тартып, қарымта соққыларды күшейетінін мәлімдеді. Бүгін Ислам революциясы сақшылары корпусы шабуылдың 19-шы толқынын бастап кетті.