Франция АҚШ-қа ұшақтарын орналастыруға рұқсат берді
Франция АҚШ-тың әскери ұшақтарын, өз аумағында орналастыруға келісті. Бұған дейін ресми Париж оларды Таяу Шығыстағы әскери базаларына орналастыруға рұқсат бермек болған.
Алайда тараптар бүгін жаңа шешім қабылдады.
Айдана Айтбекқызы, тілші:
- Франция АҚШ-қа әскери ұшақтарын елдің оңтүстігіндегі Истр әуебазасына уақытша орналастыруға рұқсат берді. Бұл туралы жергілікті БАҚ Франция Бас штабының өкіліне сілтеме жасап хабарлады. Алғашында АҚШ авиациясын Таяу Шығыстағы француз базаларына орналастырады деп айтылған еді. Алайда шешім кейін өзгертілген. Сондай-ақ Вашингтон Парижге бұл ұшақтар АҚШ-тың Таяу Шығыстағы операциясына қолданылмайтыны туралы кепілдік берген. Шара тек НАТО серіктестерінің қорғанысын күшейту мақсатында қолға алынып отыр дейді.
Айта кетейік, Францияның Таяу Шығыстағы негізгі әскери базалары Біріккен Араб Әмірліктерінде, Иордания мен Джибутиде орналасқан. Олардың ең ірісі Абу-Даби маңында. Соғыс басталғалы солардың екеуі Иран тарапынан атқылауға ұшырады. Бұл өз кезегінде Францияның аймақтағы қақтығысқа араласуына түрткі болды.
Жақында халыққа жасаған үндеуінде президент Эммануэль Макрон көп мақсатты фрегатын Кипр жағалауына жіберіп, «Шарль де Голль» ұшақ тасығыш кемесін Жерорта теңізіне орналастыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Осылай Норвег теңізінде НАТО күштерімен жоспарланған жаттығулардың орнына Шарль де Голль бастаған армада оңтүстікке бет алды. Сонымен қатар ел ішінде де қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Лоран Нюньес, Франция Ішкі істер министрі:
- Франциядағы барлық ирандықтардың мүдделері қорғалады. Еврей қауымдастығы мен Израиль азаматтарының қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлініп жатыр. Қазіргі жағдайдың ушығуына байланысты ел аумағындағы барлық ірі жиналатын орындарда бақылау мен сақтық деңгейі күшейтілді.
Бүгін Францияның Қарулы күштер министрі Біріккен Араб Әмірліктеріне қосымша алты Rafale жойғыш ұшағы жіберілгенін растады. Десе де ресми Париж бұл шаралардың барлығы тек қорғаныс мақсатында қолға алынып отыр дейді. Іс-қимылдарын одақтастарымен үйлестіріп жүзеге асыруда. Бұған дейін Франция, Германия және Ұлыбритания бірлескен мәлімдеме жасап, Иранның аймақтағы елдерге шабуылдарын айыптады. Қақтығыстың одан әрі кеңеюі Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа елеулі қауіп төндіретінін ескертіп, тараптарды диалогқа оралуға шақырған болатын.
Авторлары: Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан