Өзбекстандағы Қазақстан азаматтары таңдау жасап жатыр. Live

Ташкенттегі референдум учаскесі жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-де жұмысын бастады.

Оған шаһардағы қазақстандық студенттер, осы елде уақытша жұмыс істеп жүргендер және қазақстандық туристер мен іссапарда жүрген азаматтар барып, таңдау жасап жатыр.

Мен қазір Ташкент қаласындағы ең бір еңселі, сәулетті ғимараттың алдында тұрмын. Алыстан менмұндалаған бұл нысан Қазақстан Республикасының елшілігі. Ғимарат Абай көшесінде тұр. Дәл алдында ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының ескерткіші және бар. Ташкенттегі нөмірі 431 референдум учаскесі шет мемлекеттердегі ең ірі дауыс беру орындарының бірі. Консулдық есеп бойынша Өзбекстанда тұрақты тұратын және уақытша жүрген 755 Қазақстан азаматы бар. Олар студенттер, осында уақытша жұмыс істейтін азаматтар мен демалушылар. Референдум учаскесі төрағасының айтуынша, мұнда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың үйде таңдау жасауы үшін дауыс беру жәшіктерін жеткізетін топтар да жасақталған. Дегенмен әзірге мұндай қызметке сұраныс түспепті. Жалпы азаматтардың дауыс беру белсенділігі жоғары. Дауыс беру учаскесіне ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері де келді. Олар Ташкентте оқу жаттығу жиындарын өткізіп жатыр екен. Арасында 18 жасқа енді толып, алғаш дауыс берген отандасымызды да кезіктірдік.

Дінмұхамед Шынқожаев, Ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:

- Дауыс беруге алғаш рет келіп жатырмын. Мен үшін тарихи күн. Көңіл-күйім жақсы.

Қайсар Нұрмағанбетов, Ескек есуден Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Референдум уақытымен осы елде тұспа-тұс келді. Бәріміз борышымызды орындап отырмыз.

Референдум учаскесі кешкі сағат 8-де дейін жұмыс істейді. Қазірге дейін мұнда 100-ге тарта адам дауыс берген.