Бельгиядағы отандастарымыз дауыс беріп жатыр

Бельгия патшалығындағы дауыс беру учаскесінде референдум енді қыза бастады. Өйткені Брюссель Астана уақытынан төрт сағат артта.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Қазір мен Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің ғимаратында орналасқан №405 дауыс беру учаскесіндемін. Өздеріңіз байқап тұрғандай, менің артқы жағымда еліміздің туы, елтаңбасы, ортада дауыс беру жәшігі және шетте кабина орналасқан. Комиссия мүшелері ережелердің сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Түске таман референдумға қатысушылардың саны таңертеңгі уақытқа қарағанда артты. Өйткені Бельгияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақстандықтар Брюссельге енді жетті десе болады. Референдум “Наурызнама” он күндігімен тұспа-тұс өтіп жатқандықтан, дауыс берушілердің кейбірі шапан, ұлттық киім киіп келген. Басым көпшілігі студенттер қауымы және олардың белсенділігі өте жоғары. Қазір жанымда референдум учаскесі комиссиясының төрағасы Мұрагер Сауранбаев тұр. Мұрагер Амангелдіұлы, бүгін референдумға қанша адам қатысады деп жоспарланып отыр?

Мұрагер Сауранбаев, №405 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:

- Жалпы Бельгия Корольдігі аумағында 150-ге жуық еліміздің азаматы қатысу жоспарланып отыр. 150 нақты тіркелді. 1 пайыз артықшылықпен 152 бюллетень қабылдадық. Қазіргі таңда сол көлемнің 15-20 пайызы келді. Бүгін жексенбі болғандықтан әлі алдағы уақытта да азамттарымыз, отандастарымыз қатысады деп күтіп отырмыз.

Референдум учаскесінде мерекелік көңіл-күй. Өз кезегін күтіп тұрған отандастарымыз бауырсақ, самсадан ауыз тиіп, шәй ішіп жатыр. Қазақ күйлері құйқылжыта ойнап тұр. Бала-шағасын ертіп келген отбасыларға да жағдай жасалған. Ата-анасы дауыс беріп жатқанда кішкентайлары сурет салуды ермек қыла алады. Таңертең 07:00-де ашылған референдум учаскесінің жұмысы кешкі 20:00-ге дейін жалғасады. Одан кейін комиссия мүшелері дауыстарды санауға кіріседі. Учаске жабылғаннан кейін бірер сағаттың ішінде Бельгиядағы референдум нәтижелері белгілі болмақ.