АҚШ-та дауыс беру басталды. LIVE
Америка Құрама Штаттарында республикалық рефрендумда дауыс беру басталды.
Отандастырымыз ондағы дауыс беру учаскелеріне таңғы жетіден бастап келіп, жаңа Конституция жобасына қатысты өз таңдауын жасап жатыр. Сондай орындардың бірі Вашингтондағы Қазақстан елшілігінде ашылды.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Дәл айтасыздар. Дауыс беру учаскесі Қазақстан Республикасының Америка Құрама Штаттарындағы Елшілігі ғимаратында орналасқан. Елшілік Вашингтонның дипломатиялық және саяси орталығы саналатын ауданда, 16-көшенің бойында орналасқан.
Дәл осы көшенің бойында АҚШ президентінің резиденциясы Ақ үй де бар. Ал біздің дипмиссия орналасқан мына қызыл-қоңыр ғимараттың өзінде де тарих тұнып тұр. XIX ғасырдың соңында салынған бұл үй кезінде АҚШ-тың 27-вице-президенті Джеймс Шерманның резиденциясы болған. Елшілік алдында Қазақстан тәуелсіздігінің символдарының бірі саналатын Алтын адам мүсіні орнатылған. Бұл ескерткіш Қазақстан мәдениетін Вашингтонның дәл ортасында таныстырып тұрған ерекше белгіге айналды. Қазір осы ғимаратқа отандастарымыз ақырындап келіп жатыр. АҚШ астанасы Елордадан 9 cағат артта. Десе де белсенділік танытып ертемен келіп жатқан азаматтарды көріп жатырмыз. Вашингтонның өзімен қатар, маңайдағы өзгеде штаттардан келіп жатыр.
Айгүл Ғұсманова, дауыс беруші:
“Біз деген арнайы Мичиган штатынан, Мичиган штаты мемлекеттік университетінен келіп тұрмыз. Былтыр тамыз айында 18 адам болып, тағылымдамадан өтуге профессорлар келгенбіз. Сол бойынша міне арнайы Вашингтонға келіп отырмыз өзіміздің пікірімізді білдірейін деп. Өзіміздің даусымызды берейік деп. Ел үшін біздің жүректеріміз соғады”.
Әлімжанов Жансерік, №413 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы:
- Біз АҚШ аумағында жүрген Қазақстан азаматтарының сайлауға қатысуын күтеміз. Олардың қатарында осы елде жұмыс істеп немесе білім алып жүрген отандастарымыз, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер де болуы мүмкін. АҚШ-тағы сайлау комиссиялары дауыс беру процесін Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес ұйымдастыруға және сайлаушыларға барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етуге дайын.
АҚШ, САН-ФРАНЦИСКО
Америка Құрама Штаттарындағы референдум учаскелері еліміздің консулдықтары орналасқан бірнеше қалада ұйымдастырылған. Уақыт белдеулерінің айырмашылығына байланысты ең соңғы болып дауыс беру учаскесі Сан-Франциско қаласында ашылды.
Кремний алқабындағы шаһар Қазақстаннан тура 12 cағат артта. Яғни Астана уақытымен кешкі 7-де жұмысын бастады.
Тағы бір қызық ақпарат Нью-Йорк қаласында тіркеліп отыр. Онда Референдумға қатысқандардың қатарында 100 жастағы Қазақстан азаматы Арнольд Генрихович Гринфельд те бар. Ол кезіндегі Алматы консерваториясының, қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының негізін қалаушылардың бірі болып, осы оқу орнында 50 жылдан астам еңбек еткен. Арнольд Генриховичтің жасы жүзге толғанын ескерген Қазақстан Республикасының Нью-Йорктегі Бас консулдығының қызметкерлері дауыс беруді оның тұрған жерінде ұйымдастырмақ болып, арнайы барып отыр. АҚШ-та осылайша референдум енді қызып жатыр.